Алматы облысында мердігер компания қалыңдығы 1 см асфальт төседі (ВИДЕО)
Оған қоса 1500 метр жол, шеткі көшелер жөнделетін орындардың қатарына кіргізілмеген
Алматы облысы Райымбек ауданы Жамбыл ауылының тұрғындары сапасыз асфальт төсеген мердігер компания мен жергілікті билікке наразы. Жұқа жолмен жүріп көрген азаматтар алғашқы күні-ақ асфальттың кейбір жерлері опырылып қалғанын жеткізді. Ал бұл жұмысты кілтипансыз атқарамыз деп тендерге қатысқан мердігер компания 90 милион теңге ұтып алғанын Жамбыл ауылдық окургінің әкімі Роман Қойлыбаев айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Тасы шығып жатыр. 5 сантиметр деген әңгіме жоқ, 1 сантиметрге де толмайды. Бұл қалай болады екен, білмеймін. Бірінші күні жүріп едік, ортасы опырылып кетті. Мына су үйдегі моншаның астына қарай кетіп қалды. Мұнда құбыр әкеліп салмаса болмайды. Ал мынау Жамбыл көшесі, былай қарай дөң, астына қарай түсетін жол бар. Бұл жерде де халық тұрады, мұнда екі көпір керек. Оған қоса 1500 метр жол, шеткі көшелер жөнделетін орындардың қатарына кіргізілмеген. Осының бәрі ауыл әкімінің салғырттығы», - дейді Жамбыл ауылының тұрғындары.
Ал Жамбыл ауылдық округінің әкімі Роман Қойлыбаев асфальт төселіп, әбден тапталғаннан кейін қалыңдығы кем дегенде 5 сантиметр болуы керек екенін айтты. Әкім өз сөзінде жауапты компания жұқа жолдың бетін қырып, бір-екі күн бұрын қайтадан қалыңдатып төсегенін жеткізді.
«Иә, ең алғашқы көшеге төсегенде сондай жұқа болып қалды. Өйткені, жер тегіс болмағандықтан, бір жерге жұқа, бір жерге қалыңдау болып кеткен. Қазір оны қырып алып, қайта дұрыстап төседі. Мердігер компания қателіктерін мойындады. Тапсырыс беруші – аудандық жол бөлімі. Тендерді ойнатып отырған, жобалық-сметалық құжатты да ұсынып отырған осы жол бөлімі. Менде тек қадағалау жағы ғана ғой. Қабылдап алатын да негізгі тапсырыс беруші. Ал ауыл әкімдігі жұмыстың қалай жүріп жатқанын, асфальттың қалай салынып жатқанын қадағалауға қауқарлы.
Жобада 6 көше болған. Ауылымыздың ішкі жолдары негізі 14 шақырым болған. Оған 3 жоба жасалынған. Биыл 6 көшеге асфальт төселіп бітті, қазір айналасын тазалау жұмыстары, жол белгілерін орналастыру жұмыстары жүріп жатыр. Тамыздың 10-на дейін аяқталатын шығар. Жолды салған мердігер компания жұмыстарын жақсы атқарды дей аламын. Өйткені, саз балшық болып кететін көшелерге бірнеше қабаттан да төседі. Көпірлердің барлығын орнатты. 3 шақырым жолды төсеп, 47 құбырды орнатқан мердігер компания 90 миллион теңге ұтып алған. Нақты сомасын аудан әкімдігі біледі. Одан кейінгі көшелерге тендерді аудан әкімдігі шығаратын болады. Енді оны қандай компания ұтып алатыны белгісіз. Ол келесі жылға қалатын шығар», - деді Жамбыл ауылдық окургінің әкімі Роман Қойлыбаев.