×

Елімізде магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды

Бірінші күні тестілеуді 4612 адам адам тапсырды

 Динара Амантай 21.07.2022 | 17:27
Фото: kimep.kz

20 шілдеде ел аумағында магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, бірінші күні тестілеуді 4612 адам адам тапсырды.

Кешенді тестілеу электронды форматта өткізіледі және үш бөліктен тұрады: шет тілі, оқуға дайындықты анықтау және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Оған 4 сағат беріледі. Шет тілін білу деңгейін растайтын халықаралық сертификаттары болса, үміткерлер шет тілінен тест тапсырудан босатылады, – деп түсіндірді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Талапкерлерге магистратураға түсу үшін білім беру бағыттарының сәйкестігін анықтау бойынша нұсқаулықтар енгізілді. Бұл білім беру бағдарламаларының сабақтастығын, үздіксіздігін сақтау және бакалавриат мамандарын даярлау сапасын арттыру үшін қажет. Сондықтан белгілі бір білім беру бағдарламасына құжаттарды тапсырар алдында талапкерлер университеттің қабылдау комиссиясымен кешенді тестілеудің форматы және таңдалған білім беру бағдарламасы тобының талапкер алған мамандыққа сәйкестігі туралы кеңесуі қажет. Кеңесті университеттің виртуалды қабылдау комиссиясынан да алуға болады.

Биыл ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін шекті балл – 75, мамандандырылған магистратураға түсу үшін – 50 балл.

Кешенді тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда, үміткерлер тестілеуден өткеннен кейін онлайн апелляцияға бере алады.  Апелляцияға келіп түскен өтініштер 5 күн ішінде қарастырылады.

«Апелляцияға қатысты сұрақтар бойынша 8 (7172) 69-52-66 нөміріне хабарласу керек. Нәтижесі тест тапсырушының жеке кабинетінде көрсетіледі», – деп ескертеді орталық.

Еске сала кетсек, 2022-2023 оқу жылына арналған магистратураға мемлекеттік білім беру тапсырысы 13 мыңнан астам грант болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама