×

Бас прокуратураның шешімімен АҚШ-та сотталған қазақ қызы елге әкелінбейді

Әсел Адығаппарова 40 жылға бас бостандығынан айырылған

 Дастан Жұмабекұлы 21.07.2022 | 14:27
фото: ulysmedia.kz

АҚШ-та сыбайластарымен бірге адам өліміне қатысы бар деген айыппен 40 жылға сотталған отандасымыз Әсел Адығаппарова Қазақстанға әкелінбейтін болды.

АҚШ-тың Сан-Антонио сотының 2003 жылғы шешімімен Әсел Адығаппарова 40 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Ulysmedia.kz-тің хабарлауынша, Әсел 1998 жылы магистратураға түсу үшін АҚШ-қа барған еді. 2001 жылы Әселдің жігіті мен досы америкалық Роза Росадоны ұрлап, оны қонақ үйде азаптап өлтіріп, денесін көміп тастаған болатын. Әсел адамды өлтірмесе де, Розаны байлауға дүкеннен жапсырма қағаз сатып алған. Осыдан кейін ол өз полиция бөлімшесіне барып, қылмысты мойындап, жігіті мен досының Росадоны қай жерге көмгенін де айтып берген. 

АҚШ соты күдіктілерді соттап, екеуін де өлім жазасына кесті. Ал Әсел Құрама Штаттардың түрмесінде жазасын өтеп жатыр. Осыған байланысты Бас прокуратура Әсел Адығаппарованың Қазақстанға әкелінбейтінін мәлімдеді.

Әсел Адығаппарованы 1993 жылы 9 маусымдағы Шетелде қылмыстық жазасын өтеу туралы америкааралық конвенцияға немесе өзара түсіністік қағидатына сәйкес, АҚШ-тан Қазақстанға ауыстыру жүзеге асырылмады, - деп хабарлады Бас прокуратура.

Әсел Адығаппарова АҚШ түрмесінде босанған. Бірақ баласы қайда екені белгісіз. Баланың әкесі – өлім жазасына кесілген Әселдің сыбайласы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама