«Басқа жолы жоқ»: Тоқаев шекарадағы даулы мәселелерді қалай шешу керектігін айтты
Мұндай проблемалар Орталық Азиядағы ынтымақтасты дамытуға бағытталған барлық күш-жігерді жоққа шығаруы мүмкін
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер арасындағы даулы мәселелер тек бейбіт жолмен шешілуге тиіс екенін мәлімдеді.
Біз, мемлекет көшбасшылары, өңірдегі тұрақсыздықтың әлі күнге дейін сақталып отырған факторларын барынша жою үшін аянып қалмауға тиіспіз. Мемлекетаралық шекарадағы әрбір атыс тек соған тартылған елдерде ғана емес, бүкіл өңірге ауыр жаңғырық болып естіледі, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанда өтіп жатқан Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуінде.
Оның айтуынша, қазіргі дағдарыс жағдайында біздің мемлекеттер қарама-қайшылықты өркениетті жауапкершілікпен еңсерудің үлгісін көрсетуге тиіс.
Біз шекараны заңмен рәсімдеу процесі өте күрделі және қиын екенін өз тәжірибемізден білеміз. Даулы мәселелер шынайы тату көршілік және халықаралық құқықтың негізгі қағидаларын құрметтеу арқылы тек қана бейбіт жолмен шешілуі қажет. Мұның басқа жолы жоқ, - деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, мұндай проблемалардың қордаланып қалуы жағдайды ушықтырып, ақыр соңында Орталық Азиядағы ынтымақтасты дамытуға бағытталған барлық күш-жігерді жоққа шығаруы мүмкін.
Қазақстан, посткеңестік кеңістікте шекарасының толық делимитациясын жүргізген жалғыз мемлекет ретінде өзара қолайлы шешімдер іздеуге қолдан келгенше көмектесуге дайын, - деді ол.
Дәлірек айтқанда, президент шекараны делимитациялауға өзара қолайлы тәсілдер әзірлеу үшін сарапшылар алаңын құруды ұсынды. Бұл жұмысқа тәжірибелі заңгерлер, картографтар, шекарашылар мен басқа да мамандар тартылуға тиіс.
Жұмысты үйлестіру міндеті Сыртқы істер министрлері кеңесіне жүктеледі.