Арбаға таңылып, қайыр сұраған «өтірік» мүгедектерге айыппұл салынды

Қанат Атаманов

Барлығы орталық базарда ұсталды

Фото: ашық дереккөздерден

Түркістан облысында үш қайыршы әкімшілік жауапқа тартылды. Олардың барлығы базар маңында ұсталған.

Жетісай аудандық Полиция бөлімінің қызметкерлері орталық көшелерде және базарларда қайыр сұрайтын адамдарды тексеріп шықты. Олардың ішінде пайда табу мақсатымен халықтан ақша сұрап жүрген үш адам анықталды. Екеуі жергілікті тұрғын болса, үшіншісі Шымкент қаласынан келген. Барлығы орталық базарда ұсталды. Бұған дейін тәртіп сақшылары үшеуіне де ескерту жасаған.

Шымкент қаласының тұрғынының мүгедектігі болмаса да, арбада отырған. Тексеріс кезінде пайда табу үшін қолданғаны анықталды. Шын мәнінде, өзі жүре алады, - дейді полицейлер.

Үш адам Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 449-бабы («Қоғамдық орындарда тиісу») бойынша жауапқа тартылды. Осы бапқа сәйкес, жеке тұлғаларға ескерту жасалады немесе 5 айлық есептік көрсеткіш (15 900 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.