Ақылы автотұрақтардың көбеюі елордалық кәсіпкерлердің кірісін төмендетіп жіберген
Әкімдіктегілер оны қымбат деп есептемейді
Елордадағы ақылы автотұрақтардың саны бір жылда 24-тен 536-ға дейін көбейген. Ал бизнес өкілдері бұған наразы. Нұр-Сұлтан қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиевтің айтуынша, сауда үйлері мен орталықтарын жалға алушылар «Атамекен» ҰКП-ге шағымданған.
Мысалы, құрылыс нормасы мен ережесіне сәйкес, әр бизнес нысанының жанынан 67 көлік тұрағы берілуі керек. Бірақ бұл шарт ескеріліп отырған жоқ. Ал жауаптылар кейбір нысанның иелері ақылы тұрақты өздері сұрап алатынын алға тартып отыр. Олардың айтуынша, тұрақтар таңертеңгі 10-нан кешкі 20:00-ге дейін ғана ақылы. Түнгі уақыт пен демалыс күндері тегін. Ал жүйені мүлдем енгізбеу мүмкін емес. Себебі көлігін сағаттап емес, апталап қалдырып кететіндер көп. Ол қозғалысқа кедергі келтіреді дейді.
Алайда осы көк сызықтар пайда болғалы кәсіпкерлердің кірісі азайған. Келушілер артық ақша төлегісі келмейтін көрінеді. Сәйкесінше ойын-сауық, бизнес орталықтары, асхана, дүкендерде сауда жасау көрсеткіші әжептәуір азайған.
Әкімдіктен бизнес обьектілердің жанындағы тұрақтарды кәсіпкерлерге ұзақ мерзімге жалға беруді сұраймыз. Осылайша кәсіпкерлер кәсібін сақтап қала алады. Өйткені клиенттің бәрі көлікпен келеді. Бізге осы тұрақтарды берсе, өз ақшамызға оны жөндеу, қарын тазалау, бардюр қою, асфальт салу сияқты жұмыстарды алар едік, - дейді «Qaz Property» басқарушылар және сервистік компаниялар қауымдастығының төрағасы Қайрат Кәкенов.
Бір қызығы, бұған дейін бизнес субьектіге берілген аумақтың «Астана көлік тұрағы кеңістігіне» қалай өтіп кеткені де белгісіз. Ал олар жыл соңына дейін қалада 10 мың орындық көк сызық сызбақ. Тұрақ таңертеңгі 10-нан кешкі 20:00-ге дейін сағатына 100 теңгеден. Ал әкімдіктегілер оны қымбат деп есептемейді. Есесіне көшеде тәртіп орнап, кептеліс азайып, жүргізуші көлігінің қауіпсіз жерде болатынына сенімді.
«Кәсіпкерлер жалға алған көлік тұрағына шлагбаун қояды. Оған тек арнаулы адамдарды ғана кіргізеді. Кей адамдарға ғана қолайлы жағдай жасағысы келеді. Ал біз тәртіптің бәріне ортақ болғанын қалаймыз. Тұрғындар тарапынан үй жанындағы ақылы тұрақтарға шағым көп түсіп жатыр. Қазір санауды қайта жүргізіп отырмыз», - дейді Нұр-Сұлтан қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы бастығының орынбасары Ержан Диханбаев.