«Әйелдерді зейнетке ерте шығарып еңбек нарығын шешеміз дей алмаймын» - Тамара Дүйсенова

Айнұр Асылбекқызы

Қазақстанның еңбек нарығында 50 жастан 60 жасқа дейінгі 967 мың әйел бар, оның ішінде 325 мыңы жұмыс істемейді

фото: Halyq Uni

Бүгін, 19 шілдеде Атырауға ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жұмыс сапарымен барды.

Журналистердің қатысуымен өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Halyq Uni тілшісі әйелдердің зейнет жасын ұлғайту еңбек нарығына кері әсерін тигізбей ме деген сұрақ қойды. 

Жыл сайын әйелдердің зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендету туралы қоғам тарапынан айтылып келеді. Биыл бұған қатысты ұсыныстар мен талаптардың көбейгенін көріп отырмыз. Министрлік тарапынан қандай шешім қабылданбақ? 2027 жылға қарай әйелдер 63 жастан зейнеткерлікке шығады. Әйелдердің зейнет жасын ұзарту арқылы еңбек нарығында бұдан да зор проблема туындамай ма? 

Ерболат Досаев Қазақстанның еңбек нарығына әсерін тигізетін ішкі өзгерістерді атады. ҚР премьер-министрінің орынбасары Ерболат Досаев 2018 жылы 2000 жылдардың ортасындағы бэби-бум мен өмір сүру ұзақтығының ұлғаюы еңбек нарығына қосымша жүктеме әкелетінін мәлімдеген. 

Алайда, Тамара Дүйсенова мұнымен келіспейді. Оның айтуынша, Қазақстанның еңбек нарығында 50 жастан 60 жасқа дейінгі 967 мың әйел бар, оның ішінде 325 мыңы жұмыс істемейді. Ал жұмыс істейтін 50 мыңға жуық әйел 50 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін жалақы алса, қалғаны 175 мыңнан жоғары алады екен. 

«Әйелдерді зейнеткерлікке ертерек шығарып, еңбек нарығын шешеміз деп айта алмаймын. Мен бұған дейін осы мәселені көтеріп жүрген қоғамдық ұйым өкілдерімен бес рет кездесіп, олардың ұсыныстарын қарап шықтым. Әйелдердің зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендету бойынша айтсақ, 1998 жылға дейінгі және кейінгі еңбек өтіліне байланысты есептелетін базалық зейнетақы төлемі бар. Ал негізгі еңбек зейнетақымыздың көлемі 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтіліне байланысты. Бұл еңбек өтілі кеңейтіліп келе жатыр. Кеше мен әйелдермен кездескенде «егер сіздер зейнетке қазір шықсаңдар, еңбек зейнетақыңыз 30 мың теңге көлемінде болады, бұл төмен» деп түсіндіріп көрсеттім. Сонда біз ұтқанымыз не? 58 жаста төмен зейнетақы алуым керек пе, әлде зейнетақы көлемін «достойная старость достойная пенсия» дейді ғой, әлде бізде жоғары зейнетақы болуы керек пе? Әрине, жоғары зейнетақы болуы керек. Сондықтан да, олардың ұсыныстары мен пікірлері қаралып жатыр, - дейді Дүйсенова.

Оның айтуынша, министрлік қазір базалық зейнетақы мен ынтымақты зейнетақы жүйелеріне параметрлік өзгерістер енгізіп жатыр. Сол параметрлік өзгерістер енгізу арқылы зейнетақының көлемін көбейту мәселесі қарастырылады. 

Сондай-ақ, ол қазір жұмыс істеп жүрген әйел зейнетке шықса, 136 мың теңге зейнетақы алатынын, ал егер еңбек өтілі жоқ, жұмыс істемей зейнетке шықса, базалық зейнетақы есебінде 63 мың теңге алатынын айтты.

Ол «Ертең ол әйел зейнетке шыққанда қаншама проблемасы болады. Ертең зейнетке шығар алдында да адам зейнеткерлікке шыққаннан кейін еңбегінің, бейнетінің зейнетін көру керек. Сондықтан алатын зейнетақысы да қомақты, оның алған табысына тура келу керек. Осыған байланысты біз осындай ұсыныстарды да қарап жатырмыз» деді министр. 

Еске салсақ, ол бұған дейін де еңбек өтілі жоқ және бүгінде жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспайтын қазақстандықтар үшін 50+ жасында зейнетке ерте шығу лайықты төлемдерді қамтамасыз етпейтінін атап өткен.