Жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады
Кәсіпкерден пара алды деген күдікке ілінген мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы кінәсін мойындады. Сотқа дейінгі тергеуді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізді деп хабарлады Pavlodarnews.kz.
Айта кетсек, шенеунік Самал Бегалинова 1 млн теңге пара алды деген күдікке ілінген болатын. Ол аталған сомаға компаниямен Павлодар мектебіне Әлихан Бөкейханның бюстін дайындау және оны кедергісіз қабылдау туралы шарт жасасқан.
Сот Самал Бегалинованы Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды және оған 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады. Сондай-ақ мүлкін – сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитеттің облыстық департаментінің заттай дәлелдемелерді сақтау камерасында тұрған миллион теңгені тәркілеу туралы үкім шығарды, - деп хабарлады №2 Павлодар сотының судьясы Әсемқоңыр Сайран.
Сонымен қатар, ол енді өмір бойы мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, сондай-ақ Қазақстанның Ұлттық Банкі мен оның ведомстволарында қызмет атқару құқығынан айырылды.
Сотталған адамның өзі жалғыз тәрбиелеп отырған 2 баласы (4 және 12 жастағы) болуына байланысты бас бостандығынан айыру жазасын өтеуі 5 жылға (ҚК 74-бабының 1-бөлігі негізінде) кейінге қалдырылды.
Ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады. Мінез-құлқын бақылау тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне жүктелді.