×

Денис Теннің өмірден өткеніне бүгін төрт жыл: екі адам қамауда, бір адам бостандықта

2018 жылдың шілдесінде Денис Тен кісі қолынан ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмды

 Ая Өміртай 19.07.2022 | 09:27
коллаж: Halyq Uni

Осыдан төрт жыл бұрын қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, 2014 жылы Сочи олимпиадасында қола медаль жеңіп алған Денис Тен Алматыда кісі қолынан жарақат алып, ауруханада көз жұмды.

Қайғылы жағдай 2018 жылы 19 шілдеде түскі сағат үш кезінде Құрманғазы мен Байсейітов көшелерінің қиылысында болды. Денис Тен автокөлігінің айнасын ұрламақ болғандардың үстінен түсіп, артынша қаскөйлер спортшыны пышақтап кеткен. Ауруханаға өте ауыр хәлде жеткізілген спортшыға шұғыл медициналық көмек көрсетілгенмен, дәрігерлер спортшының өмірін сақтап қала алмады. Арада 1-2 сағат өткенде 25 жастағы Денис Тен жансақтау бөлімінде көз жұмды. Қазақ спорты қара жамылып, Денис Теннің өлімін әлемдегі жанкүйерлері де ауыр қабылдады.

Қайғылы оқиғаның ертеңіне (2018 жылдың 20 шілдесі) қылмысқа қатысы бар деген күдікпен екі азамат ұсталды - Арман Құдайберген, Нұралы Қиясов.  

27 шілдеде ҚР Бас прокуратурасы Денис Теннің өліміне қатысты іс бойынша үшінші адамның ұсталғанын хабарлады. Ол - қылмыс туралы хабар бермегені үшін қамауға алынған Жанар Толыбаева.

2019 жылдың 17 қаңтарында Нұралы Қиясов 18 жылға, Арман Құдайбергенов 18 жылға, ал Жанар Толыбаева 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сол кезде Жанар Толыбаеның аяғы ауыр екені белгілі болды. Жанар Толыбаева 2019 жылдың 6 наурызында ұл босанды.

Оған жаза 2018 жылдың шілдесінен бастап есептелген. Төрт жылға бас бостандығынан айырылғанын ескерсек, Жанар Толыбаева 2022 жылдың шілдесінде бостандыққа шығуға тиіс болатын.

Сот мәліметінше, Жанар Толыбаеваға үкім шыққанша алты ай тергеу изоляторында отырған. Ал тергеу изоляторында бір күн болу қауіпсіздігі орташа колониядағы екі тәулікке тең.

Жанар Толыбаева 2019 жылдың қаңтарында сотталып, Қапшағайдағы орташа қауіпсіздік колониясына орналастырылған. Іс барысында оның жүкті екені белгілі болды. Ол екінші баласын түрмеде босанды.

Арада тура бір жыл өткен соң Жанар Толыбаева бас бостандығынан айыру мерзімін қысқартуды немесе оны жазаның жеңіл түрімен ауыстыруды сұраған. 2020 жылдың қаңтарында сот оның өтінішін қанағаттандырып, өтелмеген мерзімді (екі жыл, алты ай, 14 күн) бас бостандығын шектеуге ауыстырған. Кейін Жанар Толыбаева босатылған.

Толыбаева баласын босанғаннан кейін бір жылдан астам уақыт бостандықта болған, алайда колонияның сот алқасының уақытында марқұмның туыстарына сотталушының сотқа өтініш түсіргені туралы ешқандай ескерту жібермегендіктен қайта қамалды.

2022 жылдың 7 сәуірінде ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі Денис Теннің өліміне байланысты сотталған Жанар Толыбаева түрмеден шыққанын хабарлады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама