Halyq Uni логотип
×

Жылдың соңына дейін 14 жаңа ұшақ пайдалануға беріледі

Қазіргі уақытта әуе кеңістігінде жолаушыларды 75 ұшақ тасымалдайды

 Динара Амантай 18.07.2022 | 16:17
Жылдың соңына дейін 14 жаңа ұшақ пайдалануға беріледі
Фото: Halyq Uni

Осы жылдың соңына дейін жалпы сыйымдылығы 2,5 мың орынды құрайтын жаңа әуе кемелері пайдалануға берілетін болады. Атап айтқанда, «SCAT» авиакомпаниясы 9 ұшақ, «Fly Arystan» – 3 және «Air Аstаnа» 2 ұшақпен толықтырылады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Telegram арнасында жазды.

Ведомство басшысының пайымдауынша, бүгінгі таңда әуе көлігіндегі жолаушылар ағынының күрт өсуі байқалады. Бұл өз кезегінде рейстердің кешігуіне әкеп соғып, отандастарымыздың наразылығын тудырып отыр.

Орын алған бұл мәселені жедел шешу мақсатында қазақстандық авиатасымалдаушыларға жаңа ұшақтар сатып алуды тапсырдым. Осылайша, жылдың соңына дейін жалпы сыйымдылығы 2,5 мың орынды құрайтын 14 жаңа ұшақ пайдалануға берілетін болады. Аталған шаралар тасымалдау сыйымдылығын едәуір арттыра түспек, – деп жазды министр.

Сонымен бірге әуе тасымалдарына қатысты сұраныс жылдан жылға артып келе жатқандықтан, қазақстандық әуе кемелері паркі 2025 жылға дейін 51 бірлікке ұлғаятыны белгілі болды.

Жалпы рейстердің кешігу фактілері бойынша түсіп жатқан шағымдарды ескере келе, ИИДМ басшысының тапсырмасы бойынша Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тиісті тергеу амалдарын бастап кетті. Егер жолаушылардың құқықтарын бұзу фактілері анықталса, тиісті авиакомпаниялар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта әуе кеңістігінде жолаушыларды 75 ұшақ тасымалдайды. 2022 жылдың жарты жылында тасымалданған жолаушылардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға өсіп, 4,6 млн жолаушыны құрап отыр. Пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда өсім 28 пайызды құрайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама