Украинаның соғыста не себепті жеңіле бастағаны белгілі болды

Халық үні

The New York Times сарапшыларының байламынша, Еуропада екі соғыс жүруде: бірі – Украина жерінде, екіншісі – Еуропадағы қару-жарақ жеткізу үшін шайқас. Біріншісі соңғысына тәуелді

фото: DW

Сарапшылар мұндай ауыр жағдайға жеткеніне Украинаның өзі кінәлі деседі. Киевте тұратын ресейлік журналист Иван Яковинаның мәліметінше, бұрынғы президенттері тұсында Украина кеңес кезінен қалған мол арсеналды – қару-жарақ, оқ-дәрі, әскери техниканы, танктеріне дейін шетелге белсенді түрде сатты.  

АҚШ, Франция, Германия бірігіп түсірген 2005 жылғы "Қару-жарақ бароны" (Lord of War) фильмінде де осы процесс көрініс берген.

"1992 жылдан 1996 жылға дейінгі аралықта Украинада қару-жарақты, қосарлама мақсаттағы тауарларды сатумен 113 компания айналысқан. Ол кезде әркім қалауын тауып, білгенінше сауда жасап, табыс тапты, соның ішінде "сұр" схемалар кең қолданылды. Мемлекет тек 1996 жылғы қазанда "Укрспецэкспорт" концернін құрып, бизнестің мемлекет үшін тағдыршешті осы саласын өз бақылауына алды. Алайда қару-жарақ экспортымен, технологиялар әзірлеумен, қызметтер ұсынумен "Спецтехноэкспорт", "Укринмаш", "Прогресс", "Промоборонэкспорт", "ТАСКО-экспорт" фирмасы, "Укроборонсервис" секілді көптеген кәсіпорын шұғылданды", – деп жазады өз зерттеуінде украиналық "Экономическая правда" жетекші басылымы.

Оның дерегінше, 2018 жылғы тамызда, яғни Ресей Украинаға басып кіріп, Қырым мен Донбасты тартып алғаннан кейін Киев бизнес субъектілерге әскери мақсаттағы тауарларды шетелге экспорттауды жүзеге асыру құқығын ұсыну тәртібін жеңілдетті. 

"Бұл жеке қорғаныс компанияларына нарықты ашты. Олар бұған дейін шетелдік клиенттермен тек мемкомпания арқылы жұмыс істей алатын. 2011 жылға дейін авиациялық техниканы сату бәрінен көп табыс түсіретін. Табыстылығы жөнінен екінші орында бронды техника тұрды. Алайда 2011 жылдан кейін "танктік серпіліс" болды: "Оплот" танктерін Таиландқа жеткізу сияқты контрактілер бекітілді. Бронды техника саудасы суырылып, бірінші орынға шықты. Үшінші орынды дәстүрлі түрде әуе шабуылына қарсы қорғаныс (ПВО) құралдарының саудасы иеленді", – делінген украиналық беделді басылым сараптамасында.

Украиналық оппозицияның мәлімдеуінше, бір жыл бұрын шетелдік барлау қызметтері Мәскеу Украинаны қосып алуды ойластырып, қызу қарулана бастағаны туралы құлағдар етсе де, Киев соғыстың боларына сенбеген. Кейбір қорғаныс зауыттары тапсырыссыз қалған. Ал Кремлмен арасын бұзбау, ахуалды ушықтырып, эскалацияламау үшін Батыс ауыр озық қаруын Украинаға сатудан бас тартты. Javelin, Stinger жеңіл қаруларды жеткізумен шектелді. Салдарынан, Украина соғысқа әлсіреп кірді. Мысалы, Ұлттық гвардиясын 60-шы жылдардағы, ескірген Т-64 танктерімен, БТР-3-пен жабдықтауға тура келген.

Батыс әлемі Украинаны қаруға жарытпай отыр. Оның үстіне бүгін Грекияның сотүстігінде Ан-12 жүк ұшағының апатқа ұшырауы да оларға соққы болды. Reuters мәліметінше, алып жүк ұшағына Украинаға арналған, салмағы 12 тонна әскери жүк тиелген. Ішінде 8 адам болған.

Апта ішінде қуат жинап, күшін толықтырған Ресей әскері жаңа шабуылға көше бастады. РФ Қорғаныс министрі Сергей Шойгу өз әскерилеріне әскери қимылдарды "ары қарай жандандыруды" тапсырды. Бұған дейін Ресей армиясы Северодонецк және Лисичанск қалаларын басып алып, әлем мойындамаған ЛХР квазимемлекеттік құрылымының шекарасын бүкіл Луганск облысына дейін кеңейтті. Енді Донецк облысының Украина қолында қалған қалалары мен елді мекендерін тартып алып, ДХР-ды ұлғайтуға кірісті. Сонымен бірге бұған дейін ішінара жаулаған Запорожье, Харковь облыстарын да толық жайлауға ден қойды.   

Америкалық Соғысты зерттеу институтының байламынша, Кремль Украинадағы соғысының ұзақ, созылмалы сипаттағы, бірақ анағұрлым агрессивті фазасына көшті. Винницадағы сияқты кез келген әлеуметтік нысанды бомабалайды да, онда әскерилер жасырынған дей салады.

The New York Times еуропалық сарапшысы Стивен Эрлангер Украинаға Батыстың қару жеткізуінде үзілістер пайда бола бастағанын хабарлады. Бұған жеткізу-логистикадағы проблемалар сыртында, одақтастар арасындағы алауыздық жамалған. Сарапшы АҚШ, Ұлыбритания, Польшаға қарағанда Еуропаның жетекші елдері қару жеткізуде сылбырлық, салғырттық танытып отырғанына назар аудартады.     

"Бұл жайт осы елдер Украинаны келіссөздерге бас идіру және соғысты тезірек тоқтату үшін әдейі жеткізілімдерді баяулатып отырған жоқ па деген ойға жетелейді. Өйткені бұл іске тіпті Франция, Германия және Италия лидерлерінің биылғы маусымда Киевке жасаған бірлескен сапары да серпін бере алмады. Себебі, соғыстың экономикалық салдарларын Батыс ауыр сезіне бастады, қарулы жанжал ұзаққа созылып, зорықтыру сатысына шықты. Украиналық жауынгерлердің жанқиярлық ерлігі арқасында басқыншылардың Еуропаға баса-көктей кіру қаупі жойылды, соғыс Украина жерінде қалатыны анықталды. Еуропалық лидерлер Кремлді бұрышқа қуып тықпасақ, қорлай бермесек, ол соғыс қимылдарын Батыс Еуропаға көшірмейді деген тоқтамға келгендей", – дейді Стивен Эрлангер.

Сыртқы саясат сарапшысы, неміс Ульрих Шпек те осындай тұжырым жасады.

"Батыс Украинаға күйремей, аман қалуына ғана жететін көлемде қару беруда, ал қарсы шабуылға шығып, өз территориясын қайтарып алуына қажетті қаруды бермей отыр. Басты идея мынау: Ресей жеңіске жетпеуі керек, жеңілмеуі де керек. Қандай елдердің қанша қару жолдағанына және оны қаншалықты баяу жолдағанына қарап, батыс елдерінің әскери мақсат-мұраттарын түсінуге болады. Дәл қазір бұл мәселе барған сайын маңызды бола түсуде, себебі, Украина төл қаруларын тауысып, батыстық қаруға тәуелді болып қалды", – дейді Ульрих Шпек.

Сөйтіп, Батыс елдері Украинадағы соғыстың барысына ықпал ете алатын, өз мүдде-ұстанымын тықпалайтын жағдайға жетті. Мысалы, Еуропалық одақтың саммитінде Украинаға 7 миллиард еуро жәрдем көрсету, соның ішінде әскери көмек жолдау туралы шешім қабылданған. Бұл шешімді артынша Германия басшылығы бұғаттап тастады.

Француз телевизиясы дайындаған "Президент, Еуропа және соғыс" деректі фильмі жанжал туғызды. Жұртқа жария етілмеген, қызметтік пайдалану үшін түсірілген кадрлер қолданылған фильмде Франция президенті Эммануэль Макронның бар ойы – Кремлді ашуландырмау екені паш етілген. Мысалы, Макрон мырза маусым айында Киевте болып, кері қайтып бара жатқан жолда, пойыз ішінде Германия, Италия және Румыния басшыларына да осы ойын таңғаны әшкереленді. Фильм соңында Макрон бұл соғыстың АҚШ, Ұлыбритания секілді ағылшын-саксондық әлемге ғана керектігі, олар Еуропаны Ресейге қарсы айдап салып отырғаны туралы ой түйеді. 

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Германия, Франция, ішінара АҚШ-та Realpolitik ұстанымындағы саясаткерлердің пайымы келесідей: егер Украинаға мол қару берсек, ол оккупацияланған жерлерін, соның ішінде Қырым және Донбасты азат етуге қызу кіріседі де, нәтижесінде Мәскеу өрекпи, өршелеге, өшіге түседі. Салдарынан Батыс елдерінде қырғынды бастауы мүмкін. Ал егер Украинаға тек қорғануға ғана жететін қару берілсе, онда соғыс ұзайды, екі жақ бірін-бірі ала алмай, итжығыс түседі. Сонда қарсыласының қантөгісінен, бейбіт тұрғындарын қан-қақсатқан қанды шабуылдарынан қажыған Киев Ресейге қазіргі басып алған жерлерін беруге мәжбүр болады. Сонымен Кремль қанағаттанып, уақытша болса да, бітім орнауы мүмкін. 

Әрине, Еуропа лидерлерінің ресми биліктері мұндай қиянатқа барғалы отырғанын ашып айтпайды. Олар бәріне тасымал-логистикадағы қиындықтарды кінәлайды, сондай-ақ ұлттық әскери қорларын шектен тыс түгесіп алғысы келмейтінін сылтау етеді. Мәселен, Германияда бүгінде шамамен 250 танк қана қалған.

Киль әлемдік экономика институты Батыс елдерінің Украинаға қанша қару беруге уәде еткенін және уәдесін қалай орындағанын анықтады. Уәде беруден АҚШ алдына қара салмайды: Америка әртүрлі пакеттер аясында 6,37 миллиард еуроға жуық әскери көмек ұсынатынын жариялаған. Соның 2,4 миллиардына Украинаның қолы жетті. Әйткенмен, бұл – басқа елдердің бәрінен көп. Мысалы, Еуропаның бір көшбасшысы Франция 160 миллион еуроға әскери жабдықтар мен техника (гаубицалар) жеткізуге сөз берген және соның бәрін жеткізген.

Артын бағуға Германия да шебер: 620 миллион еуро сомасында қару, әскери жабдық беретінін мәлімдегенімен, оның 290 миллион еуросын әзер еңсере алған. Ол тіпті Польшаға да тең болмады: Мәскеу Украинаны тізе бүктірсе, одан кейінгі құрбан өзі болуы мүмкін екенін түсінетін поляктар 1,8 миллиард еуро мөлшерінде көмекті уәде етіп, соны толық жеткізген. Ұлыбритания жарияланған 1,12 миллиард еуроға барабар көмегінің 1 миллиардын ұсынып болды.

Институт мамандары бұған дейін жеткізілген қару-жарақтың көбі кеңес заманынан қалған ескі қару екенін еске салады. Олар соғыс беталысын өзгерте алмады. Тек M777, HIMARS дүркін атыс реактивті жүйелері майдан даласындағы көріністі шамалы өзгертті. Бірақ олардың саны тым аз: 9 дана HIMARS барын Украина Қорғаныс министрлігі хабарлады.  

Егер The New York Times және басқа сарапшылардың пайымдары рас болса, Украинаның жағдайы қиын болатынға ұқсайды.

Дереккөз: inbusiness.kz