Отандық архив ТМД елдерінің деректер базасына қосылады
Қазақстан мен Ресей архивтерінің 2022-2024 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары бекітіліп, комиссия отырысының хаттамасына қол қойылды
Алматы қаласында Архив саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Ресей комиссиясының кезекті отырысы өтті.
Кездесуде екі елдің архив саласын цифрландыру, бірлескен жобаларды іске асыру, Ресей Федерациясы архивтерінің қорларында сақталған Қазақстан тарихына қатысты тарихи құжаттарды табуға, олардың көшірмелерін алуға, пайдалануға және ғылыми айналымға енгізу аясында өзара ынтымақтасу, сондай-ақ, «Ресей мен Қазақстандағы ашаршылық. 1927-1934 жж.» және «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан» атты бірлескен құжаттар жинағын аяқтау және жариялау, оның тұсаукесерін бірлесіп өткізу мәселелері талқыланды.
Екі ел арасындағы келіссөздер берік тарихи байланыстарды және архив ісі саласындағы өзара тығыз іс-қимылды көрсететін достық әрі өзара құрмет жағдайында өтті. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей архивтерінің 2022-2024 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары бекітіліп, комиссия отырысының хаттамасына қол қойылды.
Күннің екінші жартысында Қазақстан Республикасының төрағалығымен Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Әзірбайжан, Белоруссия, Қырғызстан, Тәжікстан және Армения архив саласы өкілдерінің қатысуымен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік архив қызметтері басшыларының Консультативтік кеңесінің 18-ші отырысы өтті. Отырыс барысында барлық қатысушылар еліміздегі архив ісінің жай-күйі туралы, оның ішінде қабылданған нормативтік құқықтық актілер, ақпараттық жүйелер мен электрондық архивтік қызметтерді енгізу, халықаралық ынтымақтастық және архив саласының материалдық-техникалық жарақтандырылуы туралы хабардар етті.
Шетелдік тараптар архив құжаттарының сақталуын қамтамасыз ету, оларды реставрациялау және электрондық форматқа көшіру мәселелері бойынша тәжірибелермен бөлісті. Жиын барысында Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қ.Бораш мемлекеттік және ведомстволық архивтер қызметінің процестерін автоматтандыруды қамтамасыз ететін «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесін енгізу барысы туралы тоқталып өтті.
Осы орайда ТМД елдері азаматтарының әлеуметтік сұраныстарын қанағаттандыру мен құқықтарын қорғау мақсатында кеңеске қатысушы елдердің архившілері «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жеке құрамы бойынша құжаттарды сақтау орындары туралы» деректер базасына қосылу бойынша ақпараттық өзара іс-қимыл жолдарын анықтады.