Өрттің жалпы аумағы 100 гектарды құраған
Құрманғазы ауданында өртенген отар иелері мемлекеттен ешқандай да өтемақы алмайды. Бұл туралы облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Азамат Айтқалиев мәлімдеді.
Атырау облысы Құрманғазы ауданы Жалғызапан ауылының маңында Еділбай тұқымының мыңнан астам қойы тірідей жанып кеткен болатын. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Азамат Айтқалиев қойлардың басым бөлігі «Сүйіндік асыл тұқымды қой зауыты» ЖШС-не тиесілі екенін хабарлады. Жануарлар сақтандырылмаған, яғни кәсіпкерге мемлекеттік өтемақы төленбейді. Дала өрті кезінде зардап шеккен мыңнан астам қойдың 619-ы ересек, 414-і жас мал. 516 қой мен түйе толығымен жанып кеткені белгілі. Тағы 13 ұсақ мал жоғалған. Ал 500-ден астам қой жергілікті ет комбинатына өңдеуге жіберілді.
Облыстық Төтенше жағдай департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дәурен Берденовтың айтуынша, өрт БҚО-да басталып, көршілес Астрахан облысына дейін таралған. Кейін ол қатты желдің кесірінен Атырау облысының аумағына жеткен. Өрттің жалпы аумағы 100 гектарды құраған.
Біз бұған дейін Атырауда мыңнан астам қой тірідей өртеніп кеткені туралы жазған болатынбыз.