Қара жамылған отбасының Әлібектен айырылғандарына 2 жарым ай болды
Жамбыл облысындағы әскери бөлімде қаза тапқан маңғыстаулық сарбаздың туыстары «қылмыс толық ашылмады» деп наразы. Тергеуде бір ғана сарбаздың ісі сотқа жолданғалы жатыр екен. Ал отбасы қалған жауаптылардың да жазаға тартылуын қалайды, деп хабарлайды «КТК» телеарнасы.
Айтуларынша, сот-медициналық сараптаманың өзі Әлібек Қалбайдың бірі кісінің ғана қолынан ажал құшпағанын дәлелдепті.
Қара жамылған отбасының Әлібектен айырылғандарына 2 жарым ай болды. Содан бері әділдік іздеп әлек. Жас сарбаздың өліміне қатысты тергеу ісі кеше ғана аяқталыпты. Бірақ, оған туыстардың көңілі толмайды.
«Сараптама нәтижесі осы 1 ай бұрын қолымызға тиді. Бірақ сараптама нәтижесінде баланы бір адам соққыға жықпағаны дәлелденді. Бұл жерде бірнеше топпен болған. Себебі баланың бірнеше жерінде жарақат бар. Мына кеудесінен де қатты соққы, күші бар затпен ұрған немесе тепкен болуы керек. Сол үшін жалғыз Куручкин деген бала түсініктеме берді. Бірақ сараптама нәтижесінде бір адамның яғни соққыға жықпағаны туралы анықтап беріп отыр», – дейді марқұмның туысы Динара Тілесова.
Марқұмның өліміне қатысы бар күдіктіні қамауға алғанын бас әскери прокуратура осыдан бір ай бұрын хабарлады. Әлібек Қалбайға қаруласы әлімжеттік көрсеткен дейді құзырлы органдағылар. Енді сол жас сарбаздың ісі сотта қаралмақ. Алайда, марқұмның туыстары бір ғана адамды абақтыға тоғытып, қалғанын жылы жауып қоя салмаймыз деп отыр.
«Тергеу аяқталды. Бірақ тергеудің аяқталғаны бір жас сарбаз сол баланың ісімен аяқталып тұр. Бірақ 453 баппен біздер іс қозғаттық. Сол 453 статиямен жауаптылар жазалану керек. Олар сонда Гвардейский қалашығындағы 30212-дегі командир, офицер, сержанттар қайда қарап отыр? Баланы өлтіріп қойып? Жауаптылар жазалану керек. Себебі мектепке емес, садикке емес, отан алдындағы борышын өтеуге кеткен бала», – дейді марқұмның туысы Динара Тілесова.
Бас әскери прокуратура Гвардейский әскери бөліміне қатысты қылмыстық істің аяқталғанын растады. Ал, қамаудағы сарбаздан бөлек, өзге офицерлерге берілген жаза тек лауазымынан босатылу болыпты.
«Курсант Қалыбайдың қайтыс болуы бойынша қатардағы жауынгер Аманжоловқа қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 440 бабының 4-ші бөлімімен аяқталып отыр. Күдікті Аманжолов сот санкциясымен қамауда отыр.Осы болған оқиға бойынша Қорғаныс министрлігінің тарапынан бұрынғы командирі және бөлімше командирі өз лауазымынан босатылған. Және орынбасарымен басқа лауазымды тұлғалар тәртіптік жазаға тартылған», – дейді ҚР Бас әскери прокурордың аға көмекшісі Еркін Қожахмет.