Құжаттың мақсаты - бес елдің ынтымақтастығын әрі қарай нығайту
Сыртқы істер министрлігі Орталық Азия мемлекеттерінің назарына «Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатында достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарт» деп аталатын құжатты ұсынды.
Inbusiness.kz-тің хабарлауынша, құжат алғаш рет өңірдегі барлық мемлекетті қамтып отыр. Оған Түрікменстан да қосылды. Сондай-ақ бұған дейін Өзбекстан да Еуразиялық одақ, ҰҚШҰ, ШЫҰ, ТүркПА және басқа Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мүше одақтар мен шарттарға қосылмай, көпжақты құжаттарға қол қоймай келген еді. Енді Өзбекстан да бесжақты келісімге қосылуды жөн көріп отыр.
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллиннің айтуынша, құжат барлық саланы түгел қамтитын болады. Ол осы елдердің қалаған саласының бәрінде ынтымақтастықты өрістетуге жол ашады.
«Оның мақсаты – өзара қызығушылық тудыратын барлық мәселелер кешенін шешуде Орталық Азия мемлекеттерінің күш-жігерін жұмылдыру, өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті күшейту, сондай-ақ тату көршілік пен достық негізінде өзара қарым-қатынастарды, тиімді ынтымақтастықты әрі қарай нығайту. Орталық Азия әлемдік қоғамдастықпен өзара қарым-қатынастардың оңтайлы моделін құрады. Қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге қатысты ОА елдері ортақ ұстанымда болуы қажет. Соны тұжырымдау үшін бұл шарт берік негіз болады. Ол Орталық Азиядағы мемлекетаралық өзара іс-қимылды дамытуға ықпал етеді», – деді ол.