«Азаматтарға арналған үкімет» қызметкері мас досына көлікті басқаруға берген
Қызметкердің өзі де ішімдік ішкен
Оралда мас досына көлікті басқаруға берген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды «Мой город» порталы.
Биыл 9 шілдеде полиция көлікті тоқтатқан. Онда бірнеше адам отырған. Жүргізушінің әрекеті тәртіп сақшыларының күдігін тудырған. Олар оны медициналық куәландыруға апарды. Алайда жүргізуші процедурадан бас тартқан. Тексеріс барысында көлік жүргізушіге емес, оның жанында отырған жолаушыға тиесілі екені анықталды.
Полицейлер көлік иесіне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы («Көлік құралын басқаруды мас күйдегі адамға беру») бойынша хаттама толтырды.
11 шілдеде Оралдағы әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотта бұл іс қаралды. Осылайша, көлік иесі 15 тәулікке қамауға алынды және 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Бүгінде ол полиция басқармасында арнайы қабылдағышта отыр, - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ көлік «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» қауіпсіздік жөніндегі уәкілі Қайырбек Нигимовқа тиесілі екені анықталды.
Қайырбек Нигимовтың емтиханға және жүргізуші куәлігін беруге еш қатысы жоқ. Ол тек жетекшілік ететін филиалдың қызметіне бақылауды жүзеге асырады. Ол бізбен келісімшарт жасамады, оның жалақысын біздің филиал төлемейді, - деп жазылған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметі таратқан хабарламада.