Halyq Uni логотип
×

Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадада үздік нәтиже көрсетті

Ұлттық құрама 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды

 Динара Амантай 15.07.2022 | 15:26
Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадада үздік нәтиже көрсетті
Фото: @aimagambetov

Еліміздің оқушылары математикадан IMO-2022 халықаралық олимпиадасында жүлделі орындарға ие болды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Instagram желісіндегі парақшасында жариялады.

Ұлттық құрамамыз әлемдік жарыста 174 ұпай жинады, бұл - еліміздің осы олимпиадаға қатысу тарихындағы рекордтық көрсеткіші.

Министрдің айтуынша, IMO - әлемдегі ең беделді пәндік олимпиадалардың бірі. Президенттің тапсырмасы бойынша дәл осындай олимпиадаларда жүлде алған оқушылар мен олардың педагог-тәлімгерлеріне төлемдер белгілеп, оқушыларға ҰБТ-ны тапсырмай-ақ еліміздің ЖОО-ларына түсуге болатындай жағдай жасалған.

Олимпиадаға қатысқан 6 оқушының барлығы да жүлделі орындарға ие болды. Олар 3 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды.

Күміс медаль иегерлері: Таир Сатубалдин, Фетуллах Сам, Мирон Юркевич.

Қола медаль алғандар: Әділет Зауытхан, Әділет Әбу, Юрий Тен.

Зияткерлік сайысқа 104 елден барлығы 589 оқушы қатысты, соның ішінде Қытай, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Ұлыбритания, Италия, Канада және т.б. елдер бар.

Сонымен қатар оқушыларымыз әлемдік есепте 17-орынға тұрақтады.

Жүлдегерлерді жеңісімен құттықтаймын! Сіздер елімізді халықаралық аренада лайықты деңгейде, абыроймен таныстыра білдіңіздер. Ақыл-ойларыңыз, қажырлы еңбектеріңіз, табандылық пен ізденімпаз қабілеттеріңіз, білімге деген талпыныстарыңыз жаңа жеңістерге жетелей берсін! Ұстаздарыңызға, әріптестеріме берген білімдері мен тәжірибелері үшін, ал ата-аналарыңызға сіздерге көрсеткен қолдауы мен тәрбиесі үшін алғыс айтамын, – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Айта кететін жайт, халықаралық математикалық олимпиада 1959 жылдан бері жоғары сынып оқушылары үшін жыл сайын өткізіліп келеді.  Мектеп оқушыларына математиканың әртүрлі салаларынан, мысалы, геометриядан, сандар теориясынан, алгебрадан және комбинаторикадан алты есеп шығару ұсынылады. Олардың әрқайсысы жеті ұпайдан тұрады, әр есеп бойынша топтың жалпы нәтижесі 42 ұпайды құрайды.

Биыл Халықаралық математикалық олимпиада 2022 63-ші рет 6-16 шілде аралығында Ослода өтіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама