Заңсыз кіріс алған «Қазфосфат» басшыларын сотқа дейінгі тергеу басталды
Дегенмен «Қазфосфат» ЖШС ресми сайтында басшылық туралы ақпарат жоқ
Қаржылық мониторинг агенттігі «Қазфосфат» басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.
Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, қылмыстық істі 13 шілдеде Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті тіркеген. Тергеудің басталуына аймақ бойынша бәсекелесікті қорғау және дамыту департаментінің шығарған қорытындысы себеп болған.
Қылмыстық істің 221-бабы бойынша «Қазфосфат» ЖШС басшылығына қатысты аммофосты өткізу кезінде жоғары баға белгілеу арқылы өздеріне заңсыз кіріс алу мақсатында монополиялық жағдайды теріс пайдалану фактісі негізінде сотқа дейінгі тергеу басталды, – делінген агенттік хабарламасында.
Дегенмен «Қазфосфат» ЖШС ресми сайтында басшылық туралы ақпарат жоқ. Ал БАҚ-та оның Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлдары – Нұрхан мен Нұржан Нұрлановтарға тиесілі екені жазылып жүр.
Айта кетсек, Тараз тұрғындары 11 шілдеде кешке әлеуметтік желілерде тұман басқан қаланың видеоларын бөліскен болатын. Олар жағымсыз иіс салдарынан тыныс алу қиындағанын айтып шағымданды. Бұған «Қазфосфат» зауытындағы «қысқа уақыттық түтін шығуы» себеп болған.