Halyq Uni логотип
×

«Қаңтар қасіреті»: 68 қару, 36 граната, 8 жарылғыш зат тәркіленді

Қару-жарақтар Алматы қаласы мен еліміздің сегіз облысынан табылды

 Дастан Жұмабекұлы 15.07.2022 | 14:39
«Қаңтар қасіреті»: 68 қару, 36 граната, 8 жарылғыш зат тәркіленді
фото: gov.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитеті маусым-шілде айларында полиция органдарымен бірігіп, заңсыз айналымнан, оның ішінде Қаңтар оқиғасында қолды болған қару-жарақтарды анықтау және тәркілеу бойынша бірқатар жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді.

Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады.

Шымкент және Тараз қалаларында қылмыстық топтар қолға түсіп, олардан 3 тапанша, 2 дана ойық ұңғылы «Сайга» карабині, 2 мылтық, пневматикалық тапанша, винтовка, сондай-ақ 64 дана оқ-дәрі тәркіленді.

Шымкент қаласында Алматыдағы «Kamerad» аңшылық дүкенін тонауға қатысы бар тұрғындар ұсталды. Олардың тұрғылықты жерінен 2 дана ойық ұңғылы «Сайга-12С» карабині, пневматикалық қару және 71 дана оқ-дәрі табылды. Оған қоса, қала маңынан «Калашников» автоматы, 2 тапанша, аңшы мылтығы, «Ф-1» гранатасы, жарылғыш құрылғыларға арналған 8 детонатор және 43 дана оқ-дәрі жасырылған жер анықталды.

Тараз қаласында 2 «Калашников» автоматы, 10 тапанша, «SHTURM» шабуыл винтовкасы, 3 тегіс ұңғылы мылтық, граната және 476 дана оқ-дәрі жасырылған жерлер табылды.

Алматы облысында жасырын жерден «Калашников» автоматы, 4 тапанша, 8 тегіс ұңғылы мылтық, «шолақ мылтық», 12 граната, 464 дана оқ-дәрі және оптикалақ көздеу құралы табылды.

Талғар ауданының тұрғындары 2 «Калашников» автоматын, тегіс ұңғылы мылтық, «Ф-1» гранатасын және 180 дана оқ-дәріні заңсыз сақтағандары үшін ұсталды. Алматыда жасырын орыннан 2 «Калашников» автоматы, 2 винчестер, 5 тапанша, 5 тегіс ұңғылы мылтық, «шолақ мылтық», 20 граната және 212 оқ-дәрі алынды.

Шығыс-Қазақстан облысындағы жасырын жерден «ТОЗ» маркалы аңшы мылтығы, 2 «шолақ мылтық» және 13 дана оқ-дәрі алынды.

Ақтөбе облысы тұрғынының жеке автокөлігін тексеру кезінде аңшы мылтығы мен 6 оқ табылып, тәркіленді.

Қызылорда облысы тұрғынынан Алматыдағы «Kamerad» аңшылық дүкенінен ұрланған «Derya» MK-10 винтовкасы алынды.

Түркістан облысында револьвер, тегіс ұңғылы мылтық және граната алынды. Заңсыз айналымнан барлығы 68 бірлік қару, 36 граната, 8 жарылғыш құрылғы, 1 529 дана оқ-дәрі алынды.

Қазір осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Заңсыз айналымдағы қару-жарақтарды іздестіру және алу бойынша шаралар жалғасуда.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама