Шымкентте шенеуніктер балаларға деп бөлінген 10 млн теңгені жымқырған
Соттың санкциясымен басқарма басшысы қамауға алынды
Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшылығына және биыл өздерінің бақылауындағы фирмаларды қолданып, «Аrtsport» платформасы арқылы балалар шығармашылығын жан басына қаржыландыруға бөлінген қаражатты ұрлауды ұйымдастырған басқа да лауазым иелеріне қатысты тергеу жүргізіп жатыр.
Департамент тергеуінде 10 миллион теңге шамасында «Аrtsport» ақпараттық жүйесі арқылы балалардың үйірмелерге қатысқандығы туралы жалған мәліметтерді пайдаланған ұрлаудың екі фактісі бар.
Айта кетсек, биыл мемлекеттік тапсырыс аясында Шымкент қаласына спорт үшін 2,3 миллиард теңге бөлінген.
Бюджет қаражатын иемдену бойынша осыған ұқсас фактілер қосымша тексеріліп жатыр.
Соттың санкциясымен басқарма басшысы қамауға алынды.
Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жария етуге жатпайды.