Кезінде ол Мұхаммед Әли, Джо Фрейзер, Эвандер Холифилд, Майл Мурер және тағы басқа даңқты боксшылармен жұдырықтасты
Аты аңызға айналған американдық боксшы Джордж Форман жыныстық зорлық жасады деген айыппен сотқа тартылуы мүмкін. 1970 жылдары әкелері кәсіпқой боксшымен бірге жұмыс істеген екі әйел оны 50 жыл бұрын жыныстық зорлық жасады деп айыптап отыр, деп хабарлады TMZ Sports.
Басылымның хабарлауынша, ауыр салмақтағы екі дүркін әлем экс-чемпионына қарсы сот ісі осы аптада АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтеді. Атағы алысқа жайылған 73 жастағы Джордж Форманның өзі бұл айыптаулардың шындыққа жанаспайтынын айтады.
Соңғы алты айда екі әйел мені және менің отбасымды қорқытып, әрқайсысы бірнеше миллион доллар бопсалады. Олар маған 45 жыл бұрын жыныстық зорлық-зомбылық жасады деп жалған айып тағып отыр. Мен бұл айыптаулармен келіспеймін. Өзімнің қоғамдағы беделімді мақтан тұтамын. Ол мен үшін спорттық жетістіктерім сияқты маңызды. Ешкім де маған негізсіз жала жауып, өтірік айту арқылы қорқыта алмайды. Адвокаттарымның көмегімен бірге айыптаушылардың схемасын толығымен және шыншылдықпен ашып, сотта өзімді қорғайтын боламын. Мен ешқашан да «төбелестен» қашпаймын, - деді ол.
Басылымның Джордж Форманның бұл сот ісі мен айыптау «қорқытып алу үшін келісілген қастандықтың бір бөлігі» екенін жазады. Белгілі болғандай, сотқа арызданған әйелдердің әрқайсысы қаңтар айында Форманнан 12,5 миллион АҚШ долларын сұраған.
Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін Джордж Форман George Foreman Grill мейрамханалар желісін құрып, жалпы 300 миллион доллар табыс тапқан.
Айта кетсек, Джордж Форман 1969-1997 жылдар аралығында кәсіпқой рингті шайқаған болатын. Сол аралықта 81 кездесу өткізіп, 76 рет жеңіске жетті. Ал 68 бәсекені нокаутпен аяқтады. Кезінде ол Мұхаммед Әли, Джо Фрейзер, Эвандер Холифилд, Майл Мурер және тағы басқа даңқты боксшылармен жұдырықтасты.