Президенттен ескерту алған министр Қазақстанда Samsung зауытын ашуды ұсынды

Қанат Атаманов

Samsung компаниясының өкілдерін қазақстандық IT саласының әлеуеті қызықтырып отыр

Фото: inform.kz

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Samsung Electronics Central Eurasia компаниясының басқарма төрағасы Санг Юн Ким бастаған делегациямен кездесті.

Электроника өндірісі бойынша Samsung корпорациясының көшбасшы екенін ескере отырып, компанияның тұрмыстық электроника өндіретін зауытын Қазақстанда да ашу туралы ұсыныс жасадым. Бұл өз кезегінде отандық IT мамандар үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына серпін болмақ- деп атап өтті Бағдат Мусин.

Samsung компаниясының өкілдерін қазақстандық IT саласының әлеуеті қызықтырып отыр. Мәселен, Әл-Фараби ҚазҰУ және Astana IT University базасында мобильді Java және Python деректерді талдау жүйесін әзірлеуді үйрететін Samsung-тың IT мектептері жұмыс істейді. Онда қазіргі күні 500-ге жуық IT маман білім алып жатыр.

Кездесу барысында тараптар осы мектептерді Қазақстанның басқа да өңірлерінде ашу мүмкіндігін талқылады.

Кездесу соңында министр Samsung компаниясының өкілдерін осы жылдың қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Digital Bridge-2022 форумына қатысуға шақырды.

Айта кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы Корея Республикасына іс-сапармен барып, R&D зертханаларын және бірлескен өндірістерді құру мәселелері бойынша Samsung корпорациясымен бірқатар келісімге қол жеткізген болатын.

Біз бұған дейін елімізде жүргізіліп жатқан цифрландыру жұмысына көңілі толмаған президенттің Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге ескерту жасағанын жазған болатынбыз.