Атырауда мыңнан астам қой тірідей өртеніп кетті
Соңғы аптада ауыл маңында үш рет орман өрті болды
Атырау облысы, Құрманғазы ауданындағы Сүйіндік ауылдық округіне қарасты Жалғызапан ауылына жақын жерде «Сүйіндік қой зауыты» ЖШС-нің 1039 Еділбай тұқымды қойын өрт жалмады.
Қой зауытының иесі Владимир Розметов өрттің 10 күн бұрын Ресей Федерациясының Астрахан облысынан басталғанын айтады. Олар бір апта бойы ауыл тұрғындарымен бірлесіп өртті сөндіруге тырысқан. Аудан әкімдігі мен аудандық Төтенше жағдай бөлімінен еш көмек болмаған. Салдарынан кәсіпкердің мың қойы өртеніп кеткен. Егер малдың 40 пайызы арам өлсе, қалғанын сойып үлгеріпті.
Шығындарымызды кім өтейді? ТЖ бөлімі хабарсыз, өрт сөндіруге де келмеді. Өртті өз күшімізбен бірнеше бөшке суды тасып сөндіруге мәжбүр болдық. Жалпы 40 шақырым жер өртеніп кетті. Басқа да ауылдың тұрғындарының қойын тілсіз жау жалмады. Нақты санын білмеймін. Неге ауыл мен аудан әкімі оқиға орнына келмеді?, - дейді кәсіпкер.
Куәгерлердің айтуынша, өрт Ресей Федерациясының аумағында тұтанып, Атырау облысына жайылған. Өрт жақындаған кезде қойларға жауапты болған шопан Уәлихан Қабдрахманов жайылымнан үйіне қайтып келе жатқан.
Үйге жақындаған кезде жел күшейіп, өрт тез тарады. Өзім балалар жатқан үйге әрең жүгіріп бардым. Үйдің айналасындағы шөптің барлығы жанып кетті. Соның салдарынан 1039 қойды өрт жалмады. Оның ішінде жеке өзіме тиесілі малым да болды, – дейді шопан.
Ал облыстық Төтенше жағдай жөніндегі департамент өрт туралы ешқандай да хабардың түспегенін айтады. Ведомство өкілдерінің айтуынша, тілсіз жауды сөндіруге 30 адам мен 4 арнайы техника жұмылдырылған. Сүйіндік және Жалғызапан ауылдарының тұрғындары да өртті ауздықтауға барын салыпты.
Мал өлекселері Жалғызапан ауылы маңындағы шұңқырға көмілді. Қазір шығын саны есептеліп жатыр.
Ал аудан әкімі Марат Мурзиев тілшілердің сауалдарына баспасөз хатшысы хабарын береді деп жауап берген. Кейін аудан әкімдігі төмендегідей баспасөз релизін таратты:
Сүйіндік ауылдық округіндегі өрт салдарынан болған мал шығына қатысты ақпарат. 2022 жылдың 1 шілдесі күні күні сағат 20.00 шамасында Батыс Қазақстан облысы, Бөкей-Орда ауданы бағытынан Сүйіндік ауылдық округі, Жалғызапан ауылының солтүстік-батыс жағынан шамамен 3 шақырым учаскеде дала өрті туралы хабар түсті. Өрттің алдын алу үшін сол маңдағы шаруа қожалық өкілдері, Сүйіндік ауылдық округінің тұрғындары, Азғыр өңірінде геологиялық барлау жұмыстарымен айналысып жатқан «ТАТ Арка» ЖШС-ның техникалары (10 техника, 30 ерікті өрт сөндірушілер) жұмылдырылып, түнгі сағат 02.00 шамасында толықтай ауыздықталды. Дала өрті негізінен Жалғызапан аулының Асқар, Бесоба, Апандыкөл қыстақтарын қамтыған. Өрт шарпыған жердің көлемі – 47 гектар.
Аудан әкімінің кеңесшісі Бисенғалиев Наурызбайдың айтуынша, тұрғындардан шығындарды өтеу жөнінде арыз түспеген.