12 млн сыйақы: Нұрлан Мәсімовті кім ұстағаны белгілі болды

Айнұр Шошаева

Мәсімовтің інісі туралы ақпаратқа 12 млн теңге сыйақы беру жоспарланған еді

фото: Нұрлан Мәсімов, Кәрім Мәсімов

Нұрлан Мәсімов 13 шілдеде Шығыс Қазақстан облысының аумағында Ресей шекарасынан жалған құжаттармен өтпек болған жерінен ұсталды. Үш айдан бері іздеу жарияланған күдіктіні Антикор ҰҚК шекара қызметімен бірлесіп қолға түсірді.

Нұрлан Мәсімов – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің немере бауыры. Ол 17 қаңтарда Ішкі істер министрінің бұйрығымен Павлодар облысы ПД бастығы қызметінен босатылды.

22 сәуірде Павлодар облысы полиция департаментінің экс-бастығы полиция генерал-майоры Нұрлан Мәсімовке қатысты аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу басталып, оған іздеу жарияланды.

Маусым айында Антикор іздестіріліп жатқан Н.Мәсімовтің орналасқан жері туралы ақпарат берген адамға 4 000 айлық есептік көрсеткішке (шамамен 12 млн теңге) дейін сыйақы көзделгенін хабарлады.

Бүгін Антикордың ресми өкілі Арман Әлібек Halyq Uni тілшісіне сыйақы туралы ұсыныстан кейін «экстрасенстер» де хабарласқанын айтты.

«Әрине, Антикордың 1424 байланыс орталығына хабарламалар келді және адамдар әлеуметтік желілер арқылы да жазды. «Экстрасенспін» деп шыққандар да болды, өз қызметін ұсынды. Бірақ бірде-бір факт расталмады және сәйкесінше бұл жағдайда сыйақы берілмейді», - деді ол.