Бұл міндет Бас прокуратураға жүктеледі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Артспорт» жобасының жүзеге асырылуын да қатаң сынға алды.
«Қосымша спорттық және шығармашылық білім беру ісіне мемлекет тапсырысы бойынша қаржы бөлінетін болды. Бұл қадам үйірмелер мен секцияларға қатысатын балалардың санын 70 пайызға дейін арттырды. Мұны стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешім болды деп санаймын. Дегенмен жоба іске қосылған жылы бірқатар олқылыққа жол берілді. Яғни, қаржы мәселесіне және тиісті порталдың жұмысына қатысты қателіктер болды. Қаржыны артық жұмсау, алаяқтық, ашықтан-ашық жымқыру басталды», - деді мемлекет басшысы.
Айтуынша, ата-аналар балаларын бірден бірнеше үйірмеге беріп жүр екен. Сондай теріс пиғыл басқа балалардың жолын кескен. Енді сол кемшіліктің бәрін түзетіп, игі бастаманы жалғастырған жөн.
Сондай-ақ президент Үкімет пен әкімдер жұртшылықпен бірлесіп, балаларды дене шынықтыру және академиялық тұрғыдан бірдей дамыту қажеттігін ескертті. Ауылдық жердегі балаларға баса мән беру керектігін баса айтты.
«Бұған дейін бөлінген қаржының жұмсалуын тексеру керек. Бұл міндет Бас прокуратураға жүктеледі. Анықталған кемшіліктерді Үкіметпен бірлесіп жою қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.