×

Ресейде Ахмет Байтұрсынұлына қатысты тың құжаттар табылды

Құжаттар жинағы жыл соңында жарыққа шығады

 Дастан Жұмабекұлы 14.07.2022 | 16:52
фото: tilalemi.kz

Ресейдің мемлекеттік архивінен ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлына қатысты тың құжаттар табылды. Бұл туралы еліміздің архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің өкілдері мәлімдеді.

Almaty.tv-ның хабарлауынша, мұрағат саласындағы ынтымақтастық аясында өткен Қазақстан-Ресей комиссиясының отырысында 1927 жылғы ашаршылық пен Екінші дүниежүзілік соғысына қатысты жаңа деректер жинақтары жарық көретіні белгілі болды. Кездесу кезінде екі ел архивистері құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, оларды реставрациялау және электрондық форматқа көшіру мәселелері бойынша тәжірибе алмасты.

Мұрағат саласының басы-қасында жүрген Гүлзира Қарсақбаева Мәскеуде Ахмет Байтұрсынұлына қатысты тың деректің табылғаны туралы ақжолтай хабарды жеткізді.

Оның айтуынша, енді мәліметтер үлкен жобаға айналып, құжаттар жинағы жыл соңында жарыққа шығады.  

Ахмет Байтұрсыновқа қатысты көптеген құжаттар Ресей мемлекеттік архивінде анықталды. Ұлт ұстазының 150 жылдығына байланысты құжаттар жинағы дайындалып жатыр. Қазір олар бізге қолжетімді. Екіжақты келіссөздер арқылы солардың көшірмелерін алып жатырмыз. Біз әлі жариялаған жоқпыз. Өйткені, оны біз ғылыми айналымға енгізуміз керек. Оған сараптама жасауымыз керек. Содан кейін барып ресми жарияланады», – деді Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті төрағасының орынбасары Гүлзира Қарсақбаева.

Архивистер құжаттарда ұлт ұстазының қызметі мен жеке өміріне қатысты мәліметтер болуы мүмкін дейді. Тұлға туралы жаңа ақпаратты бұрынғы Білім және ғылым министрлігі сұратқан. Қазір мамандар оларды сараптауға кірісіпті. Сондай-ақ архив ісі саласындағы халықаралық ынтымақтастық негізінде Ресейден биыл 1927-1934 жылдардағы ашаршылыққа қатысты да тың деректер алынған.

Тағы бір тарихқа қатысты ауқымды жоба – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақтар туралы. Мыңнан астам бірегей құжат екі том болып жыл соңында жарияланады. Соғыс жылдарына қатысты үлкен көлемдегі жаңа деректер ғылыми айналымға алғаш рет енбек. Бұл – тарихшылар үшін таптырмас дереккөз, –  делінген материалда.

Ресей федералдық архив агенттігі басшысының орынбасары Андрей Юрасовтың айтуынша, бірлескен жұмыстар кезінде сол жылдары болған оқиғалардың жалпы көрінісін жан-жақты жинау біз үшін маңызды болды. Ресей мен Қазақстанның сол кездегі қатынасына қатысты объективті материалдар жиналды. Қандай мәселелер болды, ашаршылықтың зардабы қандай болды, бәрі қамтылады. Мыңға жуық дерегі бар екі томдық жинақ жасалды. 50 пайыздан аса құжат алғаш рет биыл жарық көреді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама