АҚШ-та Украинаға Ресейді атқылау ұсынылды
Әзірше Құрама штаттар дүркін отты «HIMARS» реактивті жүйесін береді
АҚШ-та Украинаға Ресей мен Беларусь территорияларын атқылауға рұқсат беру ұсынылып жатыр. Бұл туралы Times Moskow News порталы хабарлады.
Украинаға Ресейдегі, Беларусьтегі және Қырымдағы әскери нысандарға соққы беруге рұқсат ету қажет, – деді Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі комиссияның («АҚШ-тың Хельсинки комиссиясы») жемқорлықпен күрес және санкциялар жөніндегі аға саяси кеңесшісі.
Ол Ақ үйден Украин армиясына дүркін отты «HIMARS» реактивті жүйесін көптеп беруді талап етті. Сондай-ақ қашықтығы 300 шақырымнан асатын РСЗО снарядтарын беру керектігін айтты.
Украинаға Американың «HIMARS» жүйесінің алғашқы партиясы 23 маусымда жеткізілді. Келесі әскери траншпен тағы төрт осындай қару әкелінеді. Осыған байланысты жарлықты АҚШ президенті Джо Байден 9 шілдеде шығарды. Сол кезде жаңа пакетті қоса есептегенде, Украинада осындай 12 жүйе болады. Әзірге оның қашықтығы 80 шақырымнан аспай тұр.
Америкалық «HIMARS» қаруының арқасында украин әскерилері екі жұмада жаудың 10-нан астам қару-жарақ қоймаларын жойып жіберген. Соңғы күндері оккупанттарға 30 соққы берілген.