Halyq Uni логотип
×

Ақордаға апаратын жолдың өзі құрақ көрпеге ұқсайды – Тоқаев

Президент «ҚазАвтоЖол» және «Казахавтодор» компанияларын біріктіруді ұсынды

 Дәурен Ерболат 14.07.2022 | 12:15
Ақордаға апаратын жолдың өзі құрақ көрпеге ұқсайды – Тоқаев
фото: ашық дереккөзден

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы жолдың сапасына көңілі толмайтынын, саланы жемқорлық жайлағанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, биыл 11 мыңнан аса шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

«Бұған 600 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді. Жөндеу жұмыстарын созбаққа салуға болмайды. Жобаларды жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алу қажет», - деді Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Президент жолдың сапасына айрықша назар аудару керегін атап өтті.

Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Тіпті, басқа жерді айтпаған күннің өзінде Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау құрақ көрпеге ұқсайды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жол саласында қордаланған мәселе көп екенін жеткізді.

«Мәселен, тендерді жыл сайын 1-2 компания ғана ұтып алады. Мұндай жағдайдың қайталанып келе жатқанына ондаған жыл болды. Осының бәрін реттеу үшін шұғыл шаралар қабылдау керек. Жарты жыл өтті, ал жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44%-ына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалған жоқ. Бұл жұмыс Павлодар, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында өте баяу жүріп жатыр», - деді ол.

Сондай-ақ Тоқаев Үкіметке «ҚазАвтоЖол» және «Казахавтодор» компанияларын біріктіріп, Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама