Зеленский бүкіл Украинаны жаудан азат етуге бұйрық берді

Дастан Жұмабекұлы

Елдің қарулы күштері халыққа қауіпсіз жерлерді паналау керектігін ескертті

фото: imag.one

Украина президенті Владимир Зеленский әскерилерге елдің жау басып алған барлық территориясын азат етуге бұйрық берді.

Бұл туралы The Moskow Times порталы хабарлады.

Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Алексей Данилов «Азаттық радиосына» берген сұхбатында Зеленскийдің елдің бүкіл аумағын жаудан тазарту туралы бұйрығы келгенін атап өтті.

Әңгіме тек Херсон облысына ғана қатысты емес, бүкіл елді оккупанттардан тазарту турасында болып отыр. Президент біздің әскерилер алдында міндет қойғанда, әңгіме бүкіл Украина жайында болды. Әрине, біз бір сәтте бүкіл территорияны азат ете алмаймыз, бірақ жоғарғы бас қолбасшы біздің барлық территориямыз басқыншыдан азат етілуі үшін міндет қойды. Бұл мәселе уақытында шешіледі, – деді ол.

Бұған дейін Қорғаныс министрі Алексей Резников Зеленскийдің елдің оңтүстігіндегі өмірлік маңызы бар жағалаулық аудандарды жаудан қайтару туралы бұйрық бергенін айтқан болатын.

Ресей әскерлері Украинаға басып кіргеннен кейін Херсон, Запорожье, Харьков, Донецк және Луганск облыстарының бір бөлігін жаулап алған еді. Оккупациялық билік Херсон облысында Ресейге қосылу туралы «референдум» өткізуге әзірленіп жатты. 11 шілдеде Путин Украинаның барлық азаматтары үшін Ресей паспортын берудің жолын жеңілдету туралы жарлық шығарды.

Украина билігі Херсон облысының тұрғындарына аймақты тастап шығып, қауіпсіз жерлерге барып паналау керектігін бірнеше рет ескертті.

АҚШ билігі Украинаның қарулы күштері Ресей оккупанттары басып алған территорияны жылдың екінші жартысында ғана қайтара алатынын атап көрсетті.