Ұлттық қорымыз азайды
Қазір ол 51,9 млрд АҚШ доллары болып тұр
Ұлттық қордың валюталық активтерінің көлемі 2 млрд долларға азайды.
Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлімдеді.
ҚазАқпараттың хабаралуынша, маусымның қорытындысы бойынша Ұлттық қордың валюталық активтерінің көлемі өткен айда 2 млрд АҚШ долларға азайып, 51,9 млрд АҚШ доллары болды. Ұлттық қор активтерінің азаюы акциялар бағасының айтарлықтай құлдырауына және АҚШ долларының нығаюына байланысты болған. Сонымен бірге қордағы ақшаның азаюына Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер бөлу де әсер етті.
Маусым айында трансферттер көлемі 578 млрд теңге болды. Ішкі валюта нарығында 438 млн АҚШ долларына активтер сатылды. Бұл – 199 млрд теңгеге балама сома. Ұлттық қордан сату үлесі Қазақстан қор биржасындағы валюталық сауда-саттықтың жалпы көлемінің 20,7 пайызы болды, – дейді банк өкілі.
Ұлттық банк төрағасының орынбасарының айтуынша, АҚШ-тың федералды резервтік жүйенің (ФРЖ) инфляцияны азайту үшін шаралары өткен айдың қорытындысы бойынша акциялар нарығының айтарлықтай азайтты.