Жыл сайын қазақтандықтар өнертабысқа 600-700 патент алады
Министр танымал отандық тауарлардың тізімі жасалатынын атап өтті
Ұлттық зияткерлік меншік институты директорының орынбасары Айдын Артықова жыл сайын қазақстандықтар өнертабысқа 600-700 патент алатынын айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.
Оның айтуынша, өз өнертабысына патент алғысы келетіндер өтінімді көбінесе электронды түрде жібереді.
Институт халық арасыда kazpatent деп танылған. Оның әлемде беделі бар. Ведомство жыл сайын өнертабысқа 600-700 патент береді. Сондай-ақ 6 мыңға жуық тауар таңбалары тіркеледі. Көлемі соншалықты көп болмаса да пайдалы модельдер, селекциялық жетістіктер, өнеркәсіптік үлгілері патенттеледі әрі авторлық құқық та тіркеледі. Бүгінде бізге өтінімдердің 96%-ы электронды түрде түседі, - деді Айдын Артықова ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ басшы географиялық көрсеткіш ұғымына түсінік беріп, елдегі танымал тауарлардың тізімі жасалып жатқанын жеткізді.
«Бұл – заңдағы жаңа түсінік. Географиялық көрсеткіштерге тамақ өнімдері, ауыл шаруашылығы өнімдері, қолөнер заттары және тағы басқа тауарларды жатқызуға болады. Оның ең негізгі талабы – тауар шығарылған жердің атауын сол тауарға тіркеу. Осылайша, біз отандық өнімдерді әлемге танытамыз. Қазір географиялық көрсеткіштердің тізімін жасап жатырмыз. Мысалы, Алматының апорты, Көкшетаудың балмұздағы, Қызылорданың қауыны мен күріші және тағы басқа. Бұл да өңірлер арасындағы бәселестікті дамытуға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді сөзін директордың орынбасары.