Серік Бердімұратұлы мемлекеттік піл атанды
Моңғолияда Ұлттық мереке болды.
Осы мерекенің аясында моңғол күресінен белдесулер болып, осы елдің атынан талай дүбірлі додаларда бас жүлдені жеңіп алып жүрген қандасымыз Серік Бердімұратұлы мемлекеттік піл дәрежеcін иеленді.
Моңғолияда шығатын kaznews.mn портылының хабарлауынша, бұл мереке Ғұн империясының 2230, 2231 жылдығы, Моңғол империясы орнауының 815, 816 жылдығы, Ұлт азаттық қозғалысының 110, 111 жылдығы және Халық революциясының 99 жылдығына орай ұйымдастырылды. Онда Баян-Өлгий аймағының тумасы Мемлекеттік начин (қаз. лашын) Серік Бердімұратұлы күрестің 7 кезеңінде мемлекеттік заан Доржийн Анарды жығып, мемлекеттік «заан» яғни мемлекеттік піл дәрежелі балуан атағына ие болды.
Серік Бердімұратұлы жасыл алаңда Э.Сумьяабат (6 кезең), Ц.Төмөрцоож (5 кезең), П.Даваадорж (4 кезең), Ш.Чинтулга (3 кезең), Б.Өлзийсайхан (2 кезең), Э.Дашзэвэг (1 кезең) қатарлы пауландарды айқын басымдықпен ұтты.
8 кезеңде мемлекеттік аварга (қаз. чемпион) дәрежелі балуан Намсрайжав Батсуурьдан ұтылып қалды.
Серік Бердімұратұлы 1994 жылы туған. Салмағы 110 кг. 2011 жылы аймақтық піл дәрежелі балуан, 2013 жылы аймақтық арыстан дәрежелі балуан, 2017 жылы мемлекеттік лашын дәрежелі балуан атанған болатын, - делінген материалда.
Бұл мәлімет әлеуметтік желідеге қазақтілді ортада кеңінен тарап, жарияланды. Соның бірі Алматы облысы Панфилов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Ханағат моңғол күресі мен оның шығу тарихын, қазір күрестің қалай тойланып жатқанын қызықты және тартымды етіп жазды. Соны оқырманның назарына ұмсынуды жөн көріп отырмыз.
Көп жұрт моңғол күресі туралы сұрап жатыр. Шамам келгенше айтып берейін.
Моңғолдарда «Ер жігіттің үш тойы» деген болады. Олар ұлттық балуан, аламан бәйге және садақ ату. Моңғолдар жылына бір рет үлкен той жасайды. Жасағанда ресми дата бойынша, яғни биыл арғы тектері Ғұн империяларының қаланғанына 2231 жыл, Шыңғыс хан мемлекетінің қаланғанына 816 жыл, Тәуелсіздіктің 111 жылдығы, Халық революциясының 101 жылдығы және жекелеген облыс, аймақтардың құрылған жылдарын қосып, атап өтеді. Былай үлкен идеологиялық мәні бар даталар.
Енді күреске келсек, атақ аудан, облыс (аймақ) және мемлекет болып беріледі. Балуандар саны флеш карта сияқты 32, 64,128, 256 деп кете береді. Мәселен, бүгінгі тойда 1024 балуан күресті. Екіге бөлініп 512 болып сойқан салды. Солай жыққандары екіге бөлініп күрескенде 10-кезеңде екі балуан ғана қалады. Аймақтық және мемлекеттік атақты 5-кезеңнен бастап береді.
Жалпы балуандар алдымен аудандық деңгейде күресіп, аудандық піл дәрежесін алу керек. Содан аймақтық тойға шығасың. Онда жоғарыдағы айтқандай 5 жықсаң, аймақтық лашын аласың. Сол сияқты мемлекеттік тойда 5 жықсаң – мемлекеттік лашын, 6 жықсаң – мемлекеттік қаршыға, 7 жықсаң – мемлекеттік піл, 8 жықсаң – мемлекеттік қарқара (жыртқыш құс), 9 жықсаң – мемлекеттік арыстан, 10 жықсаң мемлекеттік чемпион боласың.
Серік осыдан 5 жыл бұрын мемлекеттік лашын атағын иеленген. Бүгінгі күресте 7 жығып мемлекеттік піл атанды.
Жалпы балуандар жеке компания, спорттық клуб немесе мемлекеттік орындар, Ұлттық қауіпсіздік комитеті деген сияқты түрлі мекеме атынан шығады. Олар балуанға демеуші болады. Күреске шыққанда міндетті түрде өзіне спонсор жасаған мекеме атаулары таныстырғанда, телеарнадан және коментаторлар айтуы тиіс. Сол себепті моңғол күресінде атақ шақыру деген дәстүр бар. Ата-тегің, мекен-жай, барлық спонсор болғандарын арнайы адам әндетіп айтып шығады.
Аламан бәйге мен садақ атуда да осылай жүргізіледі. Атақ беру дәстүрі де солай.
Мемлекеттік атаққа жету оңай емес. Бұндай дәрежеге жеткендерге олимпиада жеңімпаздарына құрмет көрсеткендей сый жасайды.
Бүгінгі күнге дейін Моңғолия қазақтарының ішіндегі көзі тірі ең жоғарғы атақ иегері Одынайұлы Бақыт еді. Мемлекеттік қаршыға болатын.
Биылғы үлкен даталы тойдағы 1024 балуандардың ішінде 70 жастағы қария күресті. 58 жасар Моңғолияның Қорғаныс министрі болған, қазіргі Парламент депутаты, кезінде он шақты жыл ұлттық тойларында жеңімпаз болған балуан да ұлттық тойлары мен көрермендер құрметі үшін арнайы күресті.
Нұрбол халық саны шамамен 3,5 млн ғана болатын моңғолдардың ұлттық саясаты мен мұратының мығым екендігін баса айтты.
Қысқасы, солай. Орыс, Қытаймен ғана шектесетін елдің ұлттық идеологиялық бағыты енді сұмдық!
Журналист Нұрбол Ханағаттан желі қолданушылары Серік Бердімұратұлы туралы сұрастырып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.