Халықарылық деңгейдегі білім сайысында жалпы 500-ден аса оқушы ел намысын қорғаған
Жыл басынан бері 200-ден аса қазақстандық оқушы халықаралық олимпиадаларда медаль жеңіп алды. Бұл туралы Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова айтты, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Олар Қазақстан қоржынына 26 алтын, 56 күміс, 122 қола медаль салған.
Оқушылар 204 медаль алды. Бұл әрбір екінші қазақстандық оқушы медаль жеңіп алды деген сөз. Балаларымыз 100-ден аса елдің оқушыларымен сынға түсіп, үздік нәтиже көрсетті. Олар ұлттық құрамаға еніп, IMO, IPhO, IBO, IOL, IchO және тағы басқа халықаралық олимпиадаларға қатысуға мүмкіндік алады. Қазір балаларымыз ең беделді пәндік олимпиадаларға қатысып жатыр. Оқушыларымыз осы олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болса, ақшалай сыйлықтар мен қазақстандық университеттерде оқу үшін гранттарға ие болады, - деді Гүлмира Кәрімова.
Айта кетейік, биыл Президенттің тапсырмасы бойынша дарынды балаларды қолдау үшін халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары ақшалай сыйлық пен гранттарға ие болады. Мысалы, алтын медаль алған оқушыға 1500 АЕК (4 млн 594 мың 500 теңге, 1 АЕК – 3 мың 63 теңге), күміс медальға 1 000 АЕК (3 млн 63 мың теңге), қола медальға 500 АЕК (1 млн 531 мың 500 теңге) көлемінде ақшалай сыйлық беріледі.
Сондай-ақ оларды олимпиадаға дайындаған мұғалімдерге де сыйақы төленеді.