Halyq Uni логотип
×

Ұлттық анимацияны қолдау аясында 10 жоба көрерменге ұсынылмақ

«Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылды

 Динара Амантай 12.07.2022 | 18:07
Ұлттық анимацияны қолдау аясында 10 жоба көрерменге ұсынылмақ
Фото: Halyq Uni

«Қазақфильм» киностудиясының базасында «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев өзінің Facebook-тағы парақшасында жазды.

Бүгін министр ұлттық анимацияны дамытуға байланысты атқарылып жатқан шараларды талқылау мақсатында ведомствода жиналыс өткізгенін мәлімдеді. Бұған қоса ол қазіргі таңда бүлідіршіндеріміз батыстан үздіксіз келіп жатқан шетелдік өнімдерді қарап, тілімізге де, ділімізге де қайшы мультфильмдерді көптеп көріп жатқанына назар аударды.

Сол себепті де біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызға негізделген отандық өнімдеріміздің өрісін кеңейтуді қолға алып отырмыз. Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей бастамасымен «Қазақанимация» бірлестігінің жұмысын іске қосу – ең алдымен ұлттық анимацияны қолдаудың жаңа жүйесін қалыптастырады, – деп жазды министр.

Министрдің айтуынша, бірінші кезекте анимациялық пилоттық жобалардың сценарийлеріне байқау ұйымдастырылды. Қазірде ұсынылған жобаларды іріктейтін сараптамалық кеңес құрылады.

Сонымен бірге Дәурен Абаев жиында отандық анимация мамандарының шетелдік компанияларда тағылымдамадан өтуі жайлы мәселе жан-жақты сараланғанын жазды. Бүгінде әлемнің бірнеше жетекші анимациялық студиясынан шетелдік маман тарту арқылы, жыл соңына дейін алғашқы 10 пилоттық жобаны көрерменге ұсыну көзделіп отырғанын мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама