Тағы бір теннисшіміз Еуропада топ жарды
Ал 13 жастағы Заңғар Нұрланұлы финалға шықты
Елена Рыбакина «Уимблдон» турнирінің жеңімпазы атанған соң, тағы бір теннисшіміз Еуропада топ жарды. Анна Данилина Германияда өткен ITF W100 жарысының жеңімпазы атанды.
Бұл туралы Теннис федерациясы хабарлады.
Данилина нидерландылық Арианне Хортономен бірге жүлде қоры 100 мың АҚШ долларына бағаланған турнирдің бірінші ракеткалары ретінде тіркелді. А.Данилина мен А.Хортоно финалда үндістандық Анкита Райна – нидерландылық Ван Дер Хукпен кездесіп, қарсыластарын 6:7 (4:7), 6:4, 10:6 есебімен жеңді.
Осылайша Анна Анна жұптық сында 27-ші, биылғы маусымдағы төртінші титулын жеңіп алды. Ол Халықаралық теннис федерациясы (ITF) өткізген 26 турнирде бас жүлдеге ие болды. Оған қоса жыл басында бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге Сиднейдегі WTA 250 жарысында үздік шықты.
Ал 13 жастағы Заңғар Нұрланұлы Париждегі турнирдің финалисі атанды.
Франция астанасында 14 жасқа дейінгі теннисшілер арасында Tennis Europe сериясы бойынша бірінші санаттағы турнир өткен болатын.
Осы А додаға әлемнің 30 елінен 160-тан астам жас ойыншы қатысты. Қазақстаннан жарыстың бірінші ракеткасы Заңғар Нұрланұлымен бірге Даниэль Тазабеков, Дамир Жалғасбай, Сәтима Төреген және Ариана Гогулина бақ сынады.
Заңғар Нұрланұлы финалда германиялық Нильс Макдональдқа 6:7 (4:7), 4:6 есебімен есе жіберді.
Ол турнинде әуелі франциялықтар Ариан Калитера мен Кипрен Шивалирді тізе бүктірді. Сосын италиялық Рафаэль Чиуэрнеллиді жолдан тайдырды. Ширек финалда мысырлық Эяд Мохаммед Шерифтан 7:6 (7:3), 6:2 есебімен айласын асырды. Жартылай финалда жарыстың төртінші ракеткасы, франциялық Тимео Труфеллиді ойсырата жеңді. Есеп – 6:1, 6:2.
Бұл турнирдің ерекшелігі, мұндағы бәсекелер атақты Roland Garros корттарында өтеді. Кезінде мұнда әр жылдары жасөспірім шағында Рафаэль Надаль, Гаэль Монфис, Стефанос Циципас, Карлос Алькарас пен басқа да атақты теннисистер жеңімпаз атанған болатын.
Сол сияқты Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында ITF Juniors сериясы бойынша өткен бесінші санаттағы турнирде қарағандылық Виталий Зацепин тамаша өнер көрсетті. Ол финалда корт иесі Ильгиз Камчибековті 6:3, 6:1 есебімен ұтты.
Грузияда 18 жасқа дейінгілер арасында төртінші санаттағы ITF жарысында Іңкәр Дүйсебай финалға дейін жетті. Соңғы бәсекеде Іңкәр ұлыбританиялық Габи Паскаускаспен бірге түркиялық Ирем Кюрт – Дуру Сокеге есе жіберді. Есеп – 6:1, 5:7, 11:13. Жекелей сында Дүйсебай жартылай финалда Натали Джаниден 3:6, 6:2, 5:7 есебімен ұтылды.
Роберт Каминский Германияда 12 жасқа дейінгілер арасында бірінші санаттағы Tennis Europe додасында жұптық сында озық шықты. Жекелей сында ол жартылай финалда ресейлік Александр Куницыннан 3:6, 3:6 жеңілді.
Осылайша, теннисистердің біреуі жеңіп, екіншілері жеңілсе де елімізде спорттың осы түріне қызығушылық артып, жастарымыздың дүрмекті додаларға белсене қатысып жатқаны қуантады.
Бұл жарыстар Қазақстанда Елена Рыбакинаның ізбасарларының өсіп келе жатқанын көрсетіп отыр.