×

Боралдай тауынан 48 мың жыл бұрынғы адамның бассүйегі табылды (ВИДЕО)

Тұттыбұлақ – Қазақстандағы жәдігерлер табылған алғашқы үңгір

 Еркеғали Болатұлы 12.07.2022 | 17:39
фото: видеодан скриншот

Түркістан облысының Бәйдібек ауданына қарасты Боралдай тауында орналасқан Тұттыбұлақ үңгірінен ғалымдар адамның бассүйегін, тісін және өзге де көне заттарды тапқан. Бұл туралы жергілікті «Отырар» телеарнасы хабарлады.

2017 жылы басталған қазба жұмыстары нәтижесінде Тұттыбұлақ үңгірінен аю мен адам тісі, қырғыш, жону құралы сияқты біраз зат табылған. Оның ішінде адамның бассүйегін мамандар алғашқы қауым өкіліне тиесілі болуы мүмкін деп болжап отыр. Бірақ оның анық-қанығы түпкілікті зерттеу нәтижесінен кейін белгілі болмақ.

Одан бөлек, зерттеу орнынан мыңдаған жыл бойы жатқан күл қалдықтары да табылған. Соны бағамдау нәтижесінде Тұттыбұлақ үңгірінде 48 мың жыл бұрын адамдардың өмір сүргені анықталған.

Тюбинген университетінің ғалымдарымен Тұттыбұлақ үңгірін зерттеп жатырмыз. Оның ішінде Испания, Америка, Грекия, Румыния және біздің мемлекет өкілдері де бар. Ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп жатырмыз. Былтыр мұнда тарихи жәдігерлер мен күл қалдықтары табылды. Үңгірдің ішінде пеш болған. Біз әлі де қазба жұмыстарын жалғастырып жатырмыз, – дейді Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы Жәкен Таймағанбетов.

Ал зерттеуші-археолог Абай Наденнің айтуынша, экспедиция кезінде табылған 4 тас құралының әрқайсысы жеке шикізаттан жасалған. Сондай-ақ Тұттыбұлақ өзенінен кварц табылған.

«Бұл үңгірдің маңында мұндай шикізат көп емес. Дегенмен адамдар өздеріне қажетті материалды тауып, осы кварцты таңдап, одан тас құралдарын жасаған», – дейді Абай Наден.

Зерттеушілердің айтуынша, Тұттыбұлақ – Қазақстандағы жәдігерлер табылған алғашқы үңгір.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама