×

Назарбаев әулетінен қайтарылған компаниялардың тізімі жарияланды

Барлығы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы, інісі, күйеу баласы мен құдасына тиесілі болған

 Ербол Тұрымбет 12.07.2022 | 17:04
Коллаж: Halyq Uni

Мемлекет басшысының тапсырмасымен экономиканы монополиясыздандыру жөнінде Үкімет жанынан комиссия құрылған еді. Оның құрамына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қаржы мониторингі, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерінің бірінші басшылары, Үкімет мүшелері, Бас прокуратураның және «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері кірді.

Halyq Uni сол комиссияның бүгінге дейін атқарған шаралары бойынша сұрау салып, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінен мынадай жауап алды.

Экономиканы монополиясыздандыру аясында сыйға тарту шарты бойынша мына компанияларды республикалық меншікке қабылдау бойынша жұмыс жүргізілген.

  1. «ӨКМ операторы» ЖШС акцияларының 100%-ы

Әлия Назарбаева есімімен етене байланысты компанияның артынан ерген әңгіме көп. Бұрынғы президенттің үшінші қызы бұл компанияны 2015 жылы құрған. Бірнеше айдан кейін компания Шынар Мұқтарова мен «Eco Waste Solutions» ЖШС-нің иелігіне өтеді. Ол ЖШС-нің иесі де сол Шынар Мұқтарова. Ал бұл адам оның алдында Әлия Назарбаеваның хатшысы болғанын әр түрлі дереккөз растайды.

«Экологиялық альянс» РҚБ-нің басшысы Азаматхан Әміртай 2019 жылы қараша айында «ӨКМ операторының» жыл сайын ел экономикасынан шамамен 150 миллиард теңге әкетіп жатқанын мәлімдеген.

«ӨКМ операторы» ЖШС-нің қызметі тоқтатылып, оның акциялары түгел «Жасыл даму» АҚ-на өтіп, функцияларын да сол орындайтын болды. Осыдан кейін біраз былықтың беті ашыла бастады. Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің лауазымды тұлғалары мен «ӨКМ операторы» ЖШС басшылығына қатысты іс қозғады. Іс материалы бойынша, жеке компания электр энергиясын өндіретін 6 қоқыс жағатын зауыт салуы тиіс болған. Сол жоспармен утилизация алымы есебінен жиналған 180 млрд теңгені заңсыз жолмен жеке компанияға құймақшы болыпты.

Соның нәтижесінде өндірілген электр энергиясын мемлекет 15 жыл ішінде ешқандай негіздемесіз жоғары тарифпен сатып алуға тиіс болған. Сөйтіп жеке компания миллиардтаған пайдаға кенелуі тиіс еді. Алайда бұл жоспар әшкереленіп, ақшалай қаражат бұғатталған.

Одан бөлек, жыл басында «қаңтар оқиғасынан» кейін «ӨКМ операторының» құқықтық мәселелер жөніндегі директоры Руслан Шәмшиев, полиция мәліметінше, өз өзіне қол жұмсап, көз жұмды.

  1. «Қазақтелеком» АҚ-ның 3 084 893 дана жай акциясы

«Қазақтелеком» АҚ-ның жарғылық капиталының 24,95%-ын құрайтын 2 671 481 дана жай акциясы республикалық меншікке өтті. Оны Skyline Investment Company S.A. жеке компаниясы сыйға тарту шарты бойынша өзі ұсынған. Сондай-ақ «Alatau Capital Investment» ЖШС сыйға тарту шарты бойынша қоғамның жарғылық капиталының 3,85%-ын құрайтын қоғамның 413 412 жай акциясын республикалық меншікке берді.

Айта кетейік, әртүрлі дереккөз бойынша, Люксембургте тіркелген Skyline Investment Company S.A. бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыға тиесілі.

  1. «Soft Art» ЖШС акцияларының 50%-ы

Сондай-ақ, сыйға тарту шарты бойынша «Integrity Solutions» ЖШС ақпараттық-коммуникациялық салада қызмет көрсететін «Soft Art» ЖШС жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің 50%-ын республикалық меншікке берді.

  1. «Көліктік сервис орталығы» АҚ акцияларының 100%-ы

«Көліктік сервис орталығы» АҚ-ның (КСО) акциялары пакетінің 100%-ын сыйға тарту шарты бойынша республикалық меншікке берілді. Оның иесі «Темір Триумф» ЖШС-нің өзі мемлекетке осындай ұсыныспен шыққан.

Ақпарат көздеріне қарағанда, «Темір Триумф» акцияларының 50%-ы Сейшел аралдарында тіркелген Қайрат Сатыбалдының оффшор компаниясына тиесілі.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, Көліктік сервис орталығына ұзындығы 250 шақырымды құрайтын 400-ден астам кірме теміржол желісі тиесілі болған.

Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде «КСО» АҚ өз жолдарына «KazJolTrаns» компаниясына ғана рұқсат беріп, қалған 45 бизнес субъектісіне вагондарды беру-әкету қызметін жасамай, бұғаттап тастаған. Агенттіктің араласуынан кейін ғана өзге компанияларға аталған кірмежолдарды пайдалану құқығы қамтамасыз етілген. Тарифтері наурыздан бастап 92%-ға (2 117,98-ден 164,29 теңге/вагон*км-ге дейін) төмендетілген. Ал Жемқорлықпен күрес агенттігі Қ. Сатыбалдыға тиесілі екі компания басшыларының ұсталып, қамауға алынғанын мәлімдеді.

Одан бөлек, Үкімет жалпы ұзындығы 178 шақырым болатын 138 кірме теміржол желісін иеленетін тағы 25 компанияны мемлекетке қайтару бойынша жұмыс істеп жатқанын жариялаған еді. Ол жөнінде әзір мәлімет жоқ.

Үкіметтің хабарлауынша, оның бәрі қайтарылса, теміржол инфрақұрылымы саласындағы делдалдар жойылып, бизнес өкілдерінің осы қызметтерге кететін шығыны тағы азаймақ.

Сонымен қатар, тұрмыс-тіршілікті қамтамасыз ететін (жылу, электр, су және басқа да коммуналдық қызметтер) 205 нысанды жекешелендіру жоспарынан шығару мәселесі қаралып жатыр.

  1. «Топаз-НС», «Мархит» және «Акмолит» ЖШС-тері

«Bridge Capital Investments Limited» жеке компаниясы мемлекетке тау-кен және өңдеу өнеркәсібі салаларында жұмыс істейтін «Акмолит» ЖШС, «Мархит» ЖШС, «Топаз-НС» ЖШС жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестерінің 100%-ын берді.

«Bridge Capital Investments Limited» жеке компаниясы БАӘ-де тіркелген. Әртүрлі ақпарат көздерінде ол компанияның да Қайрат Сатыбалдымен байланысты екені айтылады.

Қамтылмай қалған компаниялар

Комитет берген тізім ішінде тек «ӨКМ операторының» акциялары ғана «Жасы даму» АҚ-на берілді. Қалғанының бәрі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-на өтіп, кейін оның еншілес ұйымдарына берілмек.

Дегенмен, комитет жауабында тағы бірер компания туралы мәлімет қамтылмай қалған.

  1. Маусымның 2-сі күні Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы, олигарх Қайрат Боранбаевқа қатысы бар делінген «Фитохимия» кешені мемлекет меншігіне қайтарылып берілетіні туралы ақпарат шықты. Оны Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеген еді.

Қайрат Боранбаевтың өзін 15-наурызда Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері ұстап, 16-наурызда елордаға жеткізген.

  1. Маусымның 14-і күні Қашағанда газ өңдеу зауытын салып жатқан компания мемлекет меншігіне өтетіні белгілі болды. Үкімет оған арнайы қаулы қабылдаған. «GPC Investment» ЖШС-нің бүкіл акциясы сый ретінде республикалық меншікке өтетін болған. Комитет жауабында ол туралы да мәлімет жоқ.

Ол компания «Қашаған кен орны шикізатының базасында қуаты 1,15 млрд м3 газ өңдеу зауытын салу» жобасының операторы. Жеке инвестордың жобаны іске асыруды жалғастырудан бас тартуына байланысты «GPC Investment» компаниясы «QazaqGaz» ҰК» АҚ иелігіне өтетін болған.

Айта кетейік, түрлі ақпарат көздері «GPC Investment» компаниясын Дариға Назарбаеваның күйеуі Қайрат Шәріпбаевпен байланыстырады әрі «QazaqGaz» ұлттық компаниясын басқарып тұрғанда нақ осы компанияның айналысуына лобби жасағанын жазады.

  1. Ал 25-маусымда «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ акциялары мемлекет меншігіне қайтарылды.

Орталық 2018 жылғы сәуірде құрылған. Сол жылы желтоқсанда 50 пайыз + 1 акциясы «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ-ға тікелей сатылған еді. Сол акциялар кері қайтарылып отыр. Енді «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының акциялары 100 пайыз Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің басқаруымен мемлекет меншігінде болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама