×

Облыс әкімі «Қазақстан барысы-2022» турнирінің жеңімпазына тосынсый жасады

Ақындар айтысының жүлдегері ақбоз атқа мінді

 Дастан Жұмабекұлы 12.07.2022 | 12:08
фото: gov.kz

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қазақстан барысы-2022» турнирінің жеңімпазы Мақсат Исағабылов пен «Алтайдай жер қайда?» атты халықаралық ақындар айтысының жүлдегері, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовке сый жасады.

Бұл туралы Қызылорда облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Өңір басшысы Сыр елінің саңлақтарын және Мақсаттың жаттықтырушысы, қазақ күресінен облыстың аға бапкері Болатбек Кенеевті жеңіспен құттықтап, халықтың алғысын жеткізді.

Әрбір жүрек түбінде жаңғырар алау сезім, ұлы күш болады. Ұлт даналығы "Ер - намысының құлы" деп бекер айтпаған. Осы ұлттық намыс бізді жеңіске жетелейді, қаһармандыққа бастайды. Бүгінгі бауырларымызды да осы қасиет оздырды. Әрине, ұшқыр да ұтқыр ұлдарымызды қалай ұлықтасақ та жарасымды. Өздеріңізге белгілі, биылғы жылдың мамыр айында мәдениет пен спорт саласы бірігіп, ірі құрылымға айналды. Ол - бірліктің белгісі, оның ерекшелігі - егіз. Сөзімнің дәлелі, Мақсат пен Мұхтардың үйлесімді жеңісі, –  деді облыс әкімі.

Басқосуда аймақ басшысы Мақсат Исағабыловқа 2 бөлмелі пәтердің кілтін беріп, Мұхтар Ниязовқа ақбоз ат мінгізді.

Өз кезегінде қос саңлақ алғаусыз алғысын арнаған Сыр жұртына зор ризашылығын білдіріп, байрақты бәсекелер мен сөз аламанында аймақтың жүлде тайқазанына олжа салатынын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама