Halyq Uni логотип
×

Елімізге тағы 700 мың ресейлік келуі мүмкін

77 елдің азаматтары үшін визасыз режим қайта қалпына келді

 Дастан Жұмабекұлы 12.07.2022 | 09:32
Елімізге тағы 700 мың ресейлік келуі мүмкін
фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Алматы қаласына жұмыс сапары барысында ішкі туризмді дамыту мәселелері жөнінде көшпелі кеңес өткізді. 

Бұл туралы Үкіметтің ресми сайты хабарлады.

Осы жиында Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев жыл соңына дейін елімізге 700 мыңға жуық шетелдік турист келетінін айтты.

Жыл соңына дейін елге 700 мыңға жуық шетелдік турист келеді. 28 елмен 107 бағыт бойынша халықаралық қатынастар қалпына келтірілді. Сондай-ақ 77 елдің азаматтары үшін визасыз режим қайт қалпына келді, – деді ол.

Сонымен бірге ол былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ішкі туризмнің жақсы нәтиже көрсеткенін атап өтті.

Былтыр ішкі туристер саны 6,9 млн болды. Бұл 2020 және 2019 жылдармен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш. Біз әзірлеген eQonaq жүйесінде 6 мыңнан астам қолданушы тіркелген. Олардың қатарында қонақ үйлер, туроператорлар және жеке азаматтар бар. Жүйенің арқасында министрлік туристердің қайдан келетінін, олардың жасы мен жынысын, қанша уақыт тұратынын, олардың қандай маршрутты таңдайтынын біле алады. Бұдан бөлек, шетелдік азаматтың Қазақстанда неше рет болғанын және оның қалауларының қалай өзгергенін көруге болады, –  деді ол.

Осы ретте, вице-министр NeoNomad акциялары ұйымдастырылып жатқанын, ол ішкі туристерді еліміздің 20 өңірін аралауға ынталандыратынын жеткізді.

Сондай-ақ кеңесте Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров сөз сөйледі. Ол қалалық әуежайға қосымша терминал салу арқылы туристер санын арттыру жоспарларын айтып,  қаланың әлеуетін ескере отырып, MICE туризмін дамыту қажеттілігіне баса назар аударды. Одан кейін Алматы облысының әкімдігі ауыл шаруашылығы жерлерінің иелеріне туризммен айналысуды ұсынды. Жердің бастапқы мақсатын өзгертпей, оны осы салаға пайдалануға болады.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі автомобиль көлік құралдарының ұлттық парктер аумағына кіруі үшін ақы алу процесін цифрландыру туралы ұсыныс айтты.

Кеңес барысында инвесторлар ұлттық парктерде жобаларды іске асыру туралы хабардар етіп, экотуризмді дамыту бойынша ұсыныстарын жеткізді.

Ералы Тоғжанов инвесторларға жан-жақты жауап беріп, оларға осы бағыттағы кездесулерді жиі өткізіп, мәселелерді талқылап, елдің ішкі туризмін дамыту мәселелері бойынша бірлесіп шешімдер қабылдауды ұсынды.

Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде туризмді дамыту қажеттігін атап өтті.

Бүгінде Үкімет ішкі туризмнің өркендеуі үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Жалпы туризм жақсы дамып келеді. Шетелдік қонақтар да көбеюде, – деді вице-премьер.

Кеңес қорытындысы бойынша вице-премьер мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге инвесторларға жәрдем көрсетіп, инфрақұрылым жүргізу бойынша жұмысты жалғастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама