Ұлтымыздың қауіпсіздігін қорғайды деген «Адамның» өзі төңкерісті ұйымдастырғаны, бұл - үлкен қатер, қасірет!
Қаңтар оқиғасынан кейін жеті ай уақыт өтті. Бейбіт жерімізді қанға бояғандардың темір торға тоғытылып, түрмеде отырған видео-суреттерін халық көруі керек. Бұл пікірді белгілі заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
Оның айтуынша, қолдарында «билік» болып, мемлекетке опасыздық жасап, халықтың ортасына ойран салғандар — түрмеде де тыныш отырмауы керек.
«Қаншама кінәсіз адамдар қыршын кетті, ұлтымыздың қауіпсіздігін қорғайды деген «Адамның» өзі төңкерісті ұйымдастырғаны, бұл - үлкен қатер, қасірет! Елге ылаң салатын адамды арнайы ұшақпен алдырып, халифат құрғысы келгендердің арман-мақсаттарының күлі көкке ұшып, тас-талқан болғанын - бүкіл елге, әсіресе әлі де соларға сеніп отырған «қолдаушы-табынушы» тобырларына ашық көрсету керек», - дейді ол.
Айтуынша, сәләфиттер билік басына келгенде, аңсаған халифаттарын құрғанда - еліміздің жағдайы қәзір қиын, мүшкіл болар еді..!
«Айдың-күннің аманында Тәуелсіздігімізден айырылып қала жаздадық. «Надан халық - басқаруға жақсы» демекші, халықтың миын «уағыздарымен» улап, қыздарымызды «тұншықтыра» қарамен орап, Ауғанстанның күйін кешер ме едік?! Оны тіпті ойлаудың, елестетудің өзі - қорқынышты! Ал қазір халықтың арасында қара ниетті «лаңкестер» мен сатқындардың қамауда отырғанына сенбей, «бұл да бір — саяси ойын» деп іріткі салып отырғандар бар! Сондықтан, Елге опасыздық жасаған «қарабеттердің» зындандағы жүздері - елдің алдына шығарылсын!», - деп жазды заңгер.