Тоқаев Орталық сайлау комиссиясының басшысын ауыстырды
Мемлекет басшысының жарлығымен Берік Имашев Орталық сайлау комиссиясының төрағасы лауазымынан босатылды. Оның орнына ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы лауазымына Нұрлан Әбдіров тағайындалды.
Еске салайық, Берік Имашев әр жылдары Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, Әділет министрі лауазымдарын атқарған. 2016 жылдан бері Орталық сайлау комиссиясын басқарды.
Одан бөлек, Берік Имашев – Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның құдасы. Ол 2003 жылы қызы Аиданы Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәлі Әлиевке ұзатты.
Ал, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы лауазымына тағайындалған Нұрлан Әбдіров 2009 жылдан бері Мәжіліс депутаты болды.
Нұрлан Мәжитұлы 1961 жылы 12 қаңтарда Қарағанды облысы Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылында туған. Заң ғылымдарының докторы, профессор.