Премьер еліміздің батысын дамыту жайлы: Өңір халқы оң өзгерістерді сезінуі тиіс
Смайылов Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарларын бөлісті
Үкімет басшысының мәліметінше, Маңғыстау және Атырау облыстары бойынша кешенді жоспарлар өткен жылы қабылданған болатын. Оларды тағы да бір пысықтап, қосымша қаржыландыру қажет болды. Ал Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары бойынша, өңір жоспарлары бүгін бірінші рет бекітуге ұсынылып отыр.
Кешенді жоспарлар экономиканың жекелеген салаларын дамытуға ғана емес, сондай-ақ сапалы сумен қамтамасыз ету, білім беру мен денсаулық сақтаудың қолжетімді болуы, жаңа жұмыс орындарын құру сияқты маңызды мәселелерді шешеуге бағытталуы тиіс, – деді премьер-министр.
Мәселен, Ақтөбе облысында өнеркәсіп көлемін 2025-ші жылға қарай 2,8 трлн теңгеге дейін арттыру және қосымша 39 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
Батыс Қазақстан облысы бойынша 2 мың шақырымнан астам электр желілері жаңғыртылады. Бұл желілердің тозуын айтарлықтай азайтады. 38 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Шамамен 2,1 трлн теңге жеке инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Атырау облысы бойынша электр желілерінде жиілеп кеткен аварияларды одан әрі болдырмау үшін тиісті шаралар қабылданады. 40 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Шамамен 8,3 трлн теңге жеке инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Маңғыстау облысында су тапшылығын ескере отырып, су тұщытатын 9 зауыт пен қондырғыны салу және кеңейту көзделіп отыр. Сондай-ақ 55 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Құжаттарда негізінен бюджеттен тыс қаражатты тартуға басымдық беріліп отыр – және бұл өте құптарлық жайт екенін атап өткім келеді. Ең бастысы өңір халқы оң өзгерістерді барынша сезінуі тиіс. Болашаққа сеніммен қарап, жұмыс істеп, табыс тауып, өздерінің бизнестерін дамытып, жақсы емделіп, сапалы білім алуы тиіс. Халықтың тұрмыс сапасын айтарлықтай жақсарту үшін барлық мүмкіндікті пайдалану қажет. Құжаттарды жалпы мақұлдаймыз, – деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне, әкімдіктерге, мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға кешенді жоспарлардағы іс-шараларды уақытында және сапалы іске асыруды тапсырды.