«Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде Алматыдағы бес бірдей телеарнаға шабуыл жасалған
Мемлекет хатшысы Ерлан Қарин «Қасіретті қаңтар» атанып кеткен оқиға кезінде зардап шеккен QAZAQSTAN телерадиокомпаниясының Алматыдағы филиалына қарасты ғимаратты аралап көріп, телеарна қызметкерлерімен кездесті.
Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы бес бірдей телеарнаға шабуыл жасалған. Соның ішінде, ұлттық журналистиканың қара шаңырағы - QAZAQSTAN телеарнасының жылдар бойына жинаған мұрағаттық жазбаларының баға жетпес, түпнұсқадағы аудио-бейне қорының біраз бөлігі жойылып кетті.
Студиялар өртенген, ғимарат бүлінген. Ең өкініштісі, қаңтар оқиғасы кезінде ұлттық журналистиканың қара шаңырағы саналатын Qazaqstan телеарнасының жылдар бойына жинаған мұрағаттық жазбаларының баға жетпес, түпнұсқадағы аудио-бейне қорының біраз бөлігі жойылып кетті, - деп жазды Ерлан Қарин.
Телеарнаның зардап шеккен студиялары жақын арада қайта қалпына келтірілмек. Қалған бейнетаспаларды цифрландыру жұмысы қайта басталады.