Қазақстанда міндетті вакциналау туралы заң қабылдана ма?
Әлеуметтік желілерде Үкіметтің жаппай вакцинациялауға қатысты заң қабылдайтыны туралы ақпарат тарап жатыр
Хабарламада оған қарсы дауыс беру бойынша нұсқаулық көрсетілген. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде міндетті вакциналауға қатысты заң қабылдау жоспарда жоқ.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес, медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ, Қазақстанда жүрген азаматтар инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы міндетті профилактикалық екпелерді алуы тиіс. Бірақ осы Кодекстің 77-бабына сәйкес азаматтар вакцинациядан бас тартуға құқылы.
«КВИ-ге қарсы вакцина – эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша профилактикалық егулер жүргізілетін инфекциялық аурулар тізбесіне енгізілген. Бұл ретте екпе салдыру келісімімен ғана жүргізіледі, - делінген министрліктің хабарламасында.
Сондықтан ерікті сипатта басталған вакциналау міндеттіге айналатыны туралы ақпарат – жалған.