Halyq Uni логотип
×

Елена Рыбакинаның Уимблдондағы жеңісін әлем қалай қабылдады

15 жылдан бері Қазақстан Ресей спортшыларын қаржыландырып келеді

 Ая Өміртай 11.07.2022 | 14:51
Елена Рыбакинаның Уимблдондағы жеңісін әлем қалай қабылдады
Сурет: ашық дереккөзден

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина «Уимблдон» финалында жеңісіне қатысты түрлі пікір айтылды. Ресей баспасөзінің басым көпшілігі спортшының Мәскеуде туып-өскеніне басымдық беріп, «Рыбакина Ресей мектебінің өкілі» десті. Осы орайда, Halyq Uni тілшісі батыс медиасында жарияланған Рыбакинаның жеңісіне шолу жасады.

«Үлкен дулыға» турнирін жеңіп алған Қазақстан тарихындағы тұңғыш теннисшіге кубокты Кембридж герцогинясы Кейт Миддлтон табыс етті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыны тарихи жеңісімен құттықтап, мемлекет имиджін халықаралық аренада насихаттағаны үшін алғысын білдірді.

ҚАЗАҚСТАНДЫ ӘЛЕМДІК ТЕННИС КАРТАСЫНА ЕНГІЗДІ

Уимблдон турнирінің сайтында Рыбакинаның жеңісін «ер болсын, әйел болсын, алғашқы титулды жеңіп алған бірінші қазақстандық болды» деп хабарланды.

Сондай-ақ, спортшының Мәскеуде дүниеге келгенін, алайда 2018 жылы қаржыландыруға байланысты Қазақстан азаматтығын алғанын атайды.

«Жаңа туды құшақтап тұрғаныңызды елестетіп көріңіз, өйткені сіздің мақсат жолындағы жанқиярлығыңыз бұлжымайды. Бұл – үлкен әрекет әрі құрметке лайық!», деп жазды.

Ал The Guardian басылымы «Елена Рыбакинаның жеңісі Қазақстанды әлемдік теннис картасына енгізді» деп атады.

«Мәскеуде ресейлік ата-ананың отбасында дүниеге келген Рыбакина 2018 жылы Қазақстанға көшті. Ол сол елдің атынан Федерация кубогын ойнап, Олимпиадада таныстырды. Ол Қазақстанға ақыры қайта оралар болса, бұрын оның қоржынында Уимблдон олжасымен танылмаған болса, қазір танылары сөзсіз», - деп жазған басылым теннис бойынша нәтижесі көп емес Қазақстан үшін бұл жеңістің ықпалы айрықша екенін атады.

РЫБАКИНА ҚАЗАҚ ПА, ОРЫС ПА?

NBC Sports арнасы Еленаның сәрсенбі күнгі брифинг барысында «өзін көбірек қазақ сезіне ме, әлде орыс сезіне ме?» деген сауалға жауап бере алмағанын айтады.

Спортшы өзінің Қазақстанның атынан шыққанына қуанышты екендігін, оған сенім артқанын айтқанын әрі қойылған сауалға «ауыр сұрақ» деп жауап бергенін жазды.

«Сәуірде Уимблдон Украинадағы соғысқа қатысты Ресей мен Беларусь ойыншыларына тыйым салған бірінші (және әзірге жалғыз) турнир болды. Тыйым Рыбакина мен Қазақстанның жалғыз ер адамдар арасындағы үздік ойыншысы Александр Бублик сынды азаматтығын бұрын басқа елдерге ауыстырған ресейлік ойыншыларға қолданылмайды», - деп хабарлады NBC Sports арнасы.

Ал CNN Ресейде туған, бірақ 2018 жылдан бері Қазақстанның атынан шыққан Рыбакинаның Уимблдондағы әйелдер арасындағы ең жас финалист болғанын жазды. Сондай-ақ, спортшыны қазақстандық деп таныстырды.

«Шиеленісті финалдық сетте қазақстандық спортшы күшейе түсіп, өзінің алғашқы үлкен дулыға санатына ие болды», деп сипаттады.

ҚАЗАҚСТАН БАТЫСҚА ТАРТЫМДЫ КӨРІНГІСІ КЕЛЕДІ

Бұл ретте The New York Times басылымы «бұрынғы кеңестік республика спортшының мансабын қаржыландыруға келісім бергеннен кейін төрт жыл бойы Қазақстан атынан өнер көрсете бастаған Рыбакина Онс Жаберді жеңді», - деп мәлімдеді.

Басылымның жазуынша, спортшының ата-анасы әлі де Мәскеуде тұрады. Баспасөз мәслихатында спортшыдан соғысқа деген сезімі туралы сұрағанда Рыбакина дәл осы сауалға ағылшын тілінде қойлыған сұрақты толық түсінбейтіндігін айтқан. 

«Биылғы Уимблдонда Рыбакинаға ештеңе кедергі бола алмады: Жабер де, көпшілік те, тіптен Ресей ойыншыларының қатысуына жол бермеу туралы үкіметтің жарлығы да», - деп жазды басылым.

The New York Times атап өткендей, соңғы 15 жылда Қазақстан Ресейден ойыншыларды жалдап, олардың дамуын қаржыландырып, елді Батыс үшін тартымды еткісі келеді.

«ТУҒАН ЖЕРІМДІ ТАҢДАМАДЫМ»

 «Рыбакина – Қазақстанның атынан «Үлкен дулыға» турнирінің жекелей чемпионы атағын жеңіп алған алғашқы ойыншы», - деп жазды Еuronews.

Ал BBC басылымы Уимблдон жеңісіне ортақтасқысы келген Ресей теннис федерациясының президенті Шамиль Тарпищевтің пікірін жеңіс туының Қазақстанға тиесілі екендігін айтқан спортшы сөзімен жоққа шығарды.

Басылым Рыбакина бірнеше рет қазақстандық теннис жүйесін ойыншы ретінде дамытуға мүмкіндік бергенін айтып, Қазақстан атынан Үлкен дулыға жарыстары мен Олимпиада ойындарында өнер көрсеткенін мақтан тұтатынын айтқанын атап өтті.

«Мен өз тарапымнан тек Қазақстанның атынан қатысамын деп айта аламын. Мен туған жерімді таңдаған жоқпын», - деген Рыбакинаның пікірін алға тартқан.

Айта кетелік, Елена Рыбакина жаңа тудың астында бірінші жылы әлемдік рейтингтің 39-шы сатысына көтерілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама