Путин Қазақстан мұнайымен Батыстан кек алып отыр – Bloomberg
Тәулігіне миллион баррельге жететін мұнайдан айырылу Еуропа үшін де ауыр соққы болмақ
Ресей президенті Владимир Путин Украинаны қолдап отырған еуропалық елдерге қарсы тағы бір қару тапты. Ол – Қазақстан мұнайы, деп жазады Bloomberg агенттігінің мұнай стратегі Джулиан Ли.
5 желтоқсанда Еуропа елдерінің санкциялары күшіне енеді, оған дейін өтпелі кезең. G7 елдері Мәскеудің шикізат экспортына шектеу қоямыз дегенше Путин қазірден бастап кек алып жатыр. Новороссийск қаласының соты Каспий құбыр консорциумын мұнай төгілу ережелері сақталмады деп Қара теңіздегі экспорттық терминалынан жүк тасымалдауды бір айға тоқтату туралы шешім шығарды.
Ресейлік тұрғыдан алғанда, бұл ұтымды қадам. Ресей бұл көлемді басқа да нарыққа сата алады, оның үстіне бұл Ресейдің емес, Қазақстанның шикізаты. Тәулігіне 1,5 млн баррель қара алтынды онсыз да тығыз нарықтан Ресей оп-оңай алып тастай алады.
КҚК мұнайының үштен екісі жеткізілетін Еуропа нарығы онсыз да Ливиядағы келеңсіздіктерден зиян шегіп отыр. Ливиядағы жағдай Африка елдерінің экспортын 50%-ға дейін азайтты. Ал Ресей шикізатынан бас тарту Еуропадағы мұнай тапшылығын тіпті асқындырып жіберді.
20 жылдан астам уақыт салыстырмалы түрде ақаусыз жұмыс істеген КҚК құбыры Путин әскерлері Украинаға басып кіргеннен кейін және Еуропа елдері Киев үкіметіне көмек пен қару-жарақ жібере бастағаннан кейін бірнеше рет тоқтатылды.
Наурызда дауылдан екі жүк тиеу қалқымалары зақымдалып, бүкіл терминал бірнеше апта бойы жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Нәтижесінде сәуір айына дейін тасымал тоқтады. Маусымда қайтадан қалыпты жұмыс істей бастағанымен, артынша Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі шахта анықталып, үш қалқыманың екеуі тағы жұмысын тоқтатты. Олар қайтадан жұмыс істей бастағанда портқа қайтадан соққы берілді.
Ресей Федерациясы премьер-министрінің орынбасарының бұйрығымен қауіпті пайдалану объектілерінің аудиті «Мұнай төгілуіне қарсы іс-қимыл (OSR) жоспары бойынша бірқатар құжаттық бұзушылықтарды» анықтады, делінген КҚК сайтындағы мәлімдемеде. Кәсіпорынға заң бұзушылықтарды жоюға 30 қарашаға дейін уақыт берілсе де, құқық бұзушылық үшін жаза ретінде жұмысын тоқтату туралы сотқа арыз берілген.
Егер тасымал тағы тоқтайтын болса, Ресейдің мұнай экспортына іс жүзінде ешқандай әсер етпейді. Ресейден шыққан шикі мұнай КҚК тасымалының шамамен 10%-ын ғана құрайды және оны тіпті басқа елдерге сатуға болады. КҚК арқылы мұнай тасымалының 80%-ға жуығы Қазақстанға тиесілі және Қазақстан бұл құбырды дәл қазірп басқа балама жолға ауыстыра алмайды.
Тәулігіне миллион баррельге жететін мұнайдан айырылу Еуропа үшін де ауыр соққы болмақ. КҚК тасымалын аз уақытқа болса да тоқтата отырып Ресей өзінің іс жүзінде азаймаған экспортынан түсетін мемлекет кірісін әлеуетті түрде арттырып, мұнай бағасының көтерілуі арқылы батыс елдерінен кек алмақ.