Турнирдің жеңімпазына 2 млн фунт стерлинг беріледі
Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы, Wimbledon (Уимблдон) жеңімпазы Елена Рыбакина жүлде салығын тек бір елге, бір-ақ рет төлейді. Бұл туралы Қазақстан Теннис федерациясының баспасөз хатшысы Асқар Ағатаев айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.
Теннисші турнирде жеңіске жеткені үшін 2 млн фунт стерлинг (1 млрд 133 млн 799 мың 568 теңге) алады.
Асқар Ағатаев спортшы салықты тек Ұлыбританияға төлейтінін атап өтті.
Wimbledon турнирінің жүлде қорын төлеу Ұлыбританияда жүзеге асырылады. Қазақстан азаматы Елена Рыбакина сыйақының табыс салығын бір-ақ рет Ұлыбританияда төлейді. Қазақстан мен Ұлыбритания қол қойған қосарланған салық салуға жол бермеу жөніндегі конвенцияға сәйкес Қазақстанда сыйақыдан төлем төлеу жүргізілмейді, - деді Қазақстан Теннис федерациясының баспасөз хатшысы.
Айта кетейік, кеше қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Wimbledon турнирінің жеңімпазы атанған еді.
Спортшы 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алған.