Halyq Uni логотип
×

Экс-президентпен соттасқан марафоншы Марат Жыланбаев қамауға алынды

Марат Жыланбаев Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың принципті қарсыласы ретінде танымал

 Қанат Атаманов 10.07.2022 | 20:15
Экс-президентпен соттасқан марафоншы Марат Жыланбаев қамауға алынды
Фото: ашық дереккөздерден

Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен соттасқан әлемге әйгілі марафоншы Марат Жыланбаев қамауға алынды. Бұл туралы спортшы өзінің Telegram парақшасында хабарлады.

Мен қамауға алындым, – деп жазылған желаяқтың әлеуметтік желісінде қалдырған хабарламасында.

Әзірше желаяқты қамауға алыну себебі белгісіз.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина қолданушыларды оның телефонына хабарласып, қолдау білдіруге үндеді. Бірақ, қазіргі уақытта марафоншының телефоны сөндірулі тұр. 

Еске салсақ, Марат Жыланбаев Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың принципті қарсыласы ретінде танымал. 2021 жылы Марат Жыланбаев экс-президентке қарсы сыни мәлімдемелерінен кейін сотқа берілген болатын. «Ар-Бедел» ҚҚ көрнекті спорт қайраткерінің жарияланымдары саяси көшбасшының қызметіне қатысты теріс қоғамдық пікірдің қалыптасуына, жалпы Қазақстан Республикасындағы саяси жүйеге теріс көзқарастың қалыптасуына әсер ете алады деп есептеді. Содан кейін, 2022 жылдың қаңтарында Марат Жыланбаев сотта жеңіске жеткенін хабарлады.

Айта кетсек, Марат Жыланбаев бір жарым жыл ішінде әлемдегі ең үлкен үш шөлді жалғыз жүгіріп өту арқылы танымал болды. Ол мұндай жетістікке қол жеткізген әлемдегі жалғыз адам. Отандасымыздың орнатқан рекордты 30 жылға жуық уақыт бойы ешкім жаңартқан жоқ. Сондай-ақ, Марат Жыланбаев Гиннес рекордтар кітабына жеті рет енген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама