Елден 2 жылға қуылған Өзбекстан азаматы жалған құжат жасатып, қайтып келген

Қанат Атаманов

Өзбекстанда болған кезінде күдікті өзінің жеке мәліметтерін толығымен өзгерткен

Фото: inform.kz

Қарағандыда мемлекеттік шекарадан заңсыз өткен шетелдіктер ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz

Қалалық Полиция басқармасының Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары аумақтық пәтер аралау жұмыстарын жүргізді. Көпқабатты үйдегі пәтерлердің бірінде 27 жастағы ер адамның құжаттарын тексеру барысында оның Өзбекстан Республикасының азаматы екені анықталды. Дегенмен, оның ұсынған төлқұжаты күмәнді көрінген. Кейін ер адамның төлқұжаты жалған екені белгілі болды.

Айта кетейік, бұл азамат 2019 жылы Қарағандыға келіп, көші-қон заңнамасын бұзған. Бұған қоса, Қазақстан аумағында жүріп-тұру мерзімін бұзғаны үшін Қарағанды қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен оған елге бірнеше жылға кіруге тыйым салынған.

Өзбекстанда болған кезінде күдікті өзінің жеке мәліметтерін толығымен өзгерткен. Жаңа төлқұжат жасатып алып, Қазақстанға қайта оралған. Алайда, оның мұндай қитұрқы амал-әрекеті әшкере болды.

Қызметкерлер жедел алдын алу іс-шарасы барысында 25 жастағы азаматты анықтады. Шетелдіктің төлқұжатында оның Қазақстан шекарасынан өткені туралы белгі болмаған. Екі дерек бойынша ҚР ҚК 392-бабы («мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өту») аясында қылмыстық іс қозғалды, - делінген Полиция басқармасы таратқан хабарламада.

Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.