×

Тұрғындар: «Ауданның экс-әкімі тапа-тал түсте қиыршық тас ұрлады»

Баянауыл ауылының әкімдігі Павлодар облысының мобилизациялық дайындық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Қанат Кәрімовтың үстінен шағым түсірді

 Данияр Айтпайұлы 09.07.2022 | 16:13
Фото: Halyq Uni

Павлодар облысына қарасты Баянауыл ауданының тұрғындары бірнеше жыл өңірде әкім болған Қанат Кәрімов мемлекет мүлкіне қол сұқты деп айыптап отыр. Ол ауданда су тартып жатқан компаниядан қиыршық тас ұрлады, дейді жергілікті белсенділер.

Баянауыл ауданының орталығында су құбырын тарту жұмыстары уақытша тоқтап тұр. Ал ол аумақтағы құрылыс материалдары ресми түрде жергілікті әкімдікке тиесілі. Құбыр құрылысы бірнеше жыл бұрын басталған. Ол кезде ауданда қазіргі мобилизациялық дайындық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Қанат Кәрімов әкім болатын. Жақында ол мердігер кәсіпорыннан үлкен көлемде қиыршық тас алып, бірнеше жүк көлігімен ауылдағы анасының үйіне түсіріпті.  Аудан белсенділері экс-әкімнің бұл әрекетін ұрлық деп бағалап отыр.

Тапа-тал түсте Баянауыл ауданының бұрынғы әкімінің бұл іс-әрекеті, турасын айтқанда - ұрлық, - дейді ауыл тұрғыны Мереке Нығманов.

Ал Айбат Ыдырысов есімді баянауылдық қоғам белсендісі шенеуніктің бұл жолғы қылығы шектен шыққандық екенін айтуда.

Мемлекеттің мүлкін талан-таражға салып, тапа-тал түсте тонап жатыр. Ал бізге көрсетпей тонаған дүниелері қаншама екенін кім біледі?! Еліміздің болашағы не болады? Бұл шенеунікке от та жоқ, сот та жоқ екеніне көзіміз жетті. Биыл жыл басында аудан тұрғындары бас көтеріп, қызметінен кетуін талап еткен болатын. Әкімдіктен кеткенімен, облысқа барып, бір басқармаға басшы болыпты, - дейді қоғам белсендісі.

Баянауыл ауылдық округінің әкімдігі қиыршық тасты ұрлау фактісі бойынша құқық қорғау органдарына арыз түсірген.  Мұны жергілікті тәртіп сақшылары да растап отыр.

Баянауыл ауылдық округі әкімінің арызы 29-шы маусым күні тіркелді. Бұдан кейін бұл арыз бойынша ары қарай тексеріс жүргізу үшін мемлекеттік кірістер департаментіне жолданды, - дейді Баянауыл аудандық полиция бөлімінің басшысы Талғат Садықов.

Осылайша, аталған дерек бойынша алдағы уақытта мемлекеттік кірістер департаменті тексеріс жүргізеді. Олар мемлекетке келген шығын көлемін анықтайды.

Бұл мәселе бойынша Павлодар облысының әкімдігі де ресми түсініктеме берді. Олар мемлекет мүлкіне қол сұғушылық фактісіне облыстық деңгейдегі мемлекеттік мекеме басшысының  қатысының бар, немесе жоғына тиісті органдар баға беретінін айтуда. Ал Қанат Кәрімовтың өзімен тілдесу мүмкін болмады. Ол телефон қоңырауына жауап бермеді.

Тақырыпқа тұздық

Қанат Кәрімов қай салада еңбек етсе де аты дауға қалып жүреді. Бұл – факт. Қайбір жылдары Алматы қаласының хайуанаттар бағын басқарып отырғанда амур жолбарысы, керік, гепарт сияқты бірнеше аң арам өліп, жұмысынан өз еркімен шығып құтылған болатын. Одан кейін Павлодар облысына қайта оралды. Баянауыл ауданына әкім болып тағайындалды. Жергілікті жұртшылықтың басым бөлігі оның жұмысына көңілдері толмай, жыл басындағы қаңтар оқиғасы кезінде қызметінен кетуге мәжбүрледі. Әуелде Павлодар облысының әкімі оның отставкасын қабылдамаған еді. Бірақ, Кәрімов ауданнан кетіп тынды. Алайда, көп ұзамай облыстық басқармалардың біріне басшы болып тағайындалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама